Елімізде комикс пен иллюстрация өнері қалай дамыған?

Қазақтың аңыз-ертегілері мен жыр-дастандарына бүлдіршіндердің қызығушылығын тудырудың бір жолы – комикс пен иллюстрацияны дамыту.

Кейіпкерлерінің эмоциясы аса шеберлікпен өрнектелген кітап кез келген баланы баурап алатыны анық. «Сондықтан рухани қазынамызды осы жанрлар арқылы ұрпаққа жеткізу ең ұтымды жол», - дейді суретшілер. Елімізде бұл өнер қалай дамыған?

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Елімізде иллюстрация – кенже қалған өнердің бірі. Соған қарамастан, ерекше шеберлікпен қазақы мәдениетті дәріптеп жүргендер де аз емес. Соның бірі Айсұлу Алмасбаева. Ол 20 жасынан бастап бұл салаға бет бұрған. Туындыларына отандық авторлар қызығушылық танытуда. Осы уақытқа дейін бірнеше кітапқа иллюстрация жасаған. Бір суретке көз майын тауысып, 5-6 сағат уақытын жұмсайды. «Ал бір кітаптың иллюстрациясын жасау үшін кем дегенде жарты жыл тапжылмай отыру керек», - дейді ол.

Айсұлу Алмасбаева, суретші-иллюстратор:

- Кішкентайымнан осы ұлттық нақышта салып келе жатырмын. Бізде қазақи нақышта салатын иллюстраторлар көп емес. Қазір кітап авторлары қазақи нақышта суретті сұрайды. Мен қазақстандық авторлармен жұмыс істеймін. Авторлармен ақылдасып, салып жатырмын. Уақыттың тығыздығына қарай мен олардың сюжетіне қараймын. Иллюстратордың жаны авторға сәйкес болу керек.

Комикс те Айсұлуға таңсық дүние емес. «Бұл жанрды қарқынды дамыту арқылы ұрпақты тәрбиелеп, кітапқа баулуға болады», - дейді өнер иесі. Мәселен, аңыз-ертегі, жыр-дастан кейіпкерлерінің келбетіне эмоция қосып, жан бітіру арқылы әжептеуір комикс шығады. «Бұл ұлттық құндылықтарды дәріптейтін нағыз идеология болар еді», - дейді шебер. Қазір мұндай тәжірибе әлемде кеңінен дамыған.

Айсұлу Алмасбаева, суретші-иллюстратор:

- Қазақи ертегіні түпнұсқа ретінде алдым. Ол ертегі әлемнен қазіргі уақыттағы елордаға сиқыр арқылы өтіп, самұрық жұмыртқасын іздеуге өтеді. Өзімен құрдас оқушылармен кездесіп, шытырман оқиғаларға тап болады. Бірнеше серия ретінде салу жоспарда. Болашақта жұмысымды аяқтап, комикс ретінде жалғастырамын. Ұлы тұлғалардың, ақындардың өмірін комикс ретінде салып, балаларға жеткізу жоспарымда бар. Қызықты комикс шығарсақ, балаларға түсінікті болар еді.

Ғылым мен тарихты да, тіпті өзекті мәселелерді комикс арқылы жеткізуге болады. Жалпы жақсы туынды шығару үшін қымбат графикалық құрылғы қажет емес. Ынта мен өнер болса жеткілікті.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Нұрғали Мамырбаев