419,45 505.95 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

М.Мақатаевтың 90 жылдығы: «Ғашық-жүрек» қойылымының тұсаукесері өтеді

  • 329
  • UPD: 15:37, 08.02.2021
М.Мақатаевтың 90 жылдығы: «Ғашық-жүрек» қойылымының тұсаукесері өтеді

9 ақпан күні қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толады.

Нұр-Сұлтан қаласы Музыкалық жас көрермен театры қазақ поэзиясында өшпес із қалдырған Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арнап ақпанның 9, 10, 11 күндері «Ғашық-жүрек» поэтикалық-музыкалық қойылымының премьерасын көрермен назарына ұсынады. Қойылымның қоюшы-режиссері – Аман Ғұмаров.

«Ғашық-жүрек» спектаклі автордың ой-арманынан, жан сарайынан, ішкі танымы мен толғанысынан туған өлең-жырлары мен әндеріне құрылған сахналық қойылым.

Сонымен бірге, Отан-Ана мен Табиғат-Ананың болмыс-бітімін арқау еткен махаббат пен ғадауат, ғашықтық пен достық, жақсылық пен жалғандық секілді сан қырлы тақырыптарды суреткерлікпен жырлай білген тұлғаның өмір хақындағы ой-толғамы іспеттес.

«Поэтикалық-музыкалық қойылым жырға іңкәр көрерменді руханият әлемімен тілдестіріп, олардың жүрегіндегі адами құндылықтарды байытып, оқылатын өлеңдердегі  тақырыптар мен орындалатын әндердегі оқиғаларды жас көрерменнің көкірегіне тоқып, санасына сіңіреді. Сонымен қатар жас ұрпақтың қиял қанаттарын әдеби әлемнің көгінде қалықтатып, жан-дүниесіне көркем өнердің сәулесін түсіріп, олардың табиғатында суреткерлік таным-түсінік пен өнерпаздық көзқарасты қалыптастырады. Қазақ поэзиясының ұлы тұлғаларының бірі Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына деген құштарлығын күшейтіп, сүйіспеншілік сезімдерін жандандырады», - делінген хабарламада.

Аталмыш қойылымда Мұқағали Мақатаевтың бейнесін театр актері Қазбек Есқара, ал ақиық ақынның досы Шәмілдің бейнесін театр актерлері Ерназар Жаңатілек және Асқар Жұмабеков сомдайды.

Қойылым Нұр-Сұлтан қалаындағы Музыкалық жас көрермен театрының ғимаратында 9, 10, 11 ақпан күндері сағат 19:00-да басталады.

Хабар 24 телеарнасы