Талдықорғанда Мұқағалидың 90 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар басталды

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаевтың туған күні Жер жәннаты – Жетісуда атап өтілді.

Бүгін Хан Тәңірінің баурайынан түлеп ұшқан мұзбалақ ақынның 90 жылдық мерейтойына арналған мәдени іс-шаралар басталып кетті.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Заманында «Мен жырламаймын, сырласамын.

                        Сыры бар замандаспен мұңдасамын.

                        Асыққан уақытпен, адымымды,

                        Абайлап, анда-санда бір басамын.

                        Көгендеп жыр қосағын,

                        Келмейді жыр жасағым.

                        Бөгендеп бетонменен қоя алмаймын,

                  Өзінше емін-еркін туласа ағын», - деп жырлаған поэзия падишасы Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар Талдықорғандағы «Жастар» саябағында орналасқан ақын бюстіне гүл шоғын қоюдан басталды.

Әміре Әрін, ақын:

- Мұқаң қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген бірден бір жарық жұлдыз. Ол мәңгілік тұлға, мәңгілік поэзияның жалынды жүрегі. Қазақ деген халық барда Мұқаңның поэзиясы өлмейді, өшпейді.

Бүгінге жоспарланған мәдени іс-шаралар Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған «Жырлайды жүрек» атты ІІІ Республикалық әншілер байқауына ұласты. Эстрадалық және дәстүрлі ән аталымы бойынша онлайн түрінде ұйымдастырылған байқауға еліміздегі 14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 82 өнерпаз қатысты. Қорытынды сынға 20 үміткер жолдама алған. Байқауға қатысушылардың өнерін елімізге танымал әншілер бағалайды. Шараның мақсаты – тыңдарманға рухани азық болатын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндер мен жаңа орындаушыларды анықтап, жастар арасында өнерге деген құштарлықты арттыру. Мұқағали мұрасын кеңінен насихаттау.

Мәрлен Көлбаев, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы:

- Негізі осы пандемия тоқтаса, туған жерінде ұлан-асыр той болады 90 жылдығына арналған. Жұмыс жоспарында сол ақынның туған ауданында, туған жерінде, туған ауылында су құбырлары жаңартылып, ол жаққа жол жаңадан жасалып, сол жердегі саябақ қайтадан қалпына келтіріледі.

Иә, ақынның 90 жылдық мерейтойы туған жері, аспантаулар аясындағы Райымбек ауданында да кең көлемде аталып өтіледі. Нарынқол өңірінде екі шағын саябақ салынып, оның біріне жыр дүлдүлінің ескерткіші орнатылады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 147 миллион теңгеге жуық қаржы қаралған. Сонымен қатар Мұқағали мұражайына виртуалды саяхат ұйымдастырылып, ақынның туған ауылы Қарасаз бен Сарыжаз ауылындағы орталық көшелер абаттандырылады. «Райымбек баба» ескерткішін ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары да жоспарланып отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгін өзінің «Твиттердегі» парақшасында атап өткеніндей, «Ақын мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – әр қазақтың шаңырағындағы мерейлі той...»

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев