Алматылық жастар «Еркетай» атты анимациялық мультфильм түсіріп жатыр

Қазір балалар «Өрмекші адам», «Темір адам» немесе «Халк», «Тор» секілді кейіпкерлерге қызығады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар шетелдік комикс мамандарының қиялынан туған батырлар. Қазақстандық кино шеберлері қашан отандық туынды шығарады деп келетін сұрақ жиі қойылатын. Ол күнде алыс емес секілді. Алматыда бір топ талантты жастар «Еркетай» атты анимациялық мультфильм түсіріп жатыр.

Қазір қалта телефонның қыр-сырын еңбектеген балаға дейін меңгеріп алғаны жасырын емес. Қоңырау шалуды ұқпаса да интернетті ашып, мультфильм көруді жақсы біледі. Бірақ оларға қазақ ертегілері қызық емес. Ал «Рейнджерлермен» «Капитан Америка» немесе «Бэтмэн» мен «Халк» секілді қиял-ғажайыпқа толы комикстерді тапжылмастан көреді. Әдебиет пен сурет өнерін ұштастыратын комикс біздің елде де біртіндеп дамып келе жатыр дейді мамандар. Алматыда 2010 жылы құрылған «Хан Комикс» ұжымы елімізде тұңғыш рет отандық анимациялық «Еркетай» мультфильмін жарыққа шығаруды қолға алыпты.

Оразхан Жақып, Хан комикс ұжымының жетекшісі:

– Біз «Ерекетай» анимациялық мультфильмін өткен жылдың қарашасынан бастап қолға алдық. Егер бәрі жоспардағыдай болып жатса, наурыз айында жарыққа шығады деген үміттеміз. Бұл еліміздегі бірегей жоба болғандықтан, қиыншылықтары да көп. Балалардың көңілінен шығу үшін барынша қызықты етіп шығаруға тырысып жатырмыз.

Бұған дейін «Жетісу», «Орда», «Физика», секілді комиксті журналдар шығарып келген ұжымның жұмысына шетелдіктерде қызығушылық танытып, тапсырыс бере бастаған. Жерлестеріміздің туындысы шалғайдағы Шанхай өнер көрмесіне қатысқан. Қазіргі таңда бұл орталықта 30 ға жуық жас маман қызмет жасайды.   

Дана Нұрмағанбетова, аниматор:

– Барлық адамда өздерінің тапсырмалары болады. Кейбіреулері анимациясын жасайды. Өйткені анимацияның түрлері көп болады. Осы кабинетте отырғандардың бәрі анимация әлеміне, қандай суреттер шығатыны, комикстерге жалпы қандай түрлер болатынына қызығады.   

Комикс журналдар о баста тек орыс тілінде ғана жарық көрсе, 2016 жылдан бастап қазақ тілінде де шыға бастаған. Қазір қазақ тілді журналдарға сұраныс артып келеді дейді мамандар. Комикс орталығының алда үлкен-үлкен жоспарлары бар. «Еркетай» мультфильмі жарыққа шыққан соң қазақ батырларымен байланыстырып басқа да анимациялық мультфильдерді қолға аламыз дейді.

Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев