Киевтегі ойыншықтар мұражайы көненің көзін көргендей әсер қалдырады

1960 жылдардың басында өндірілген қазақ қуыршағы Украина мемлекеттік мұражайында сақталыпты. Бұдан бөлек мұражайда 19 және 20-ғасырда жасалған 20 мыңға жуық түрлі ойыншық топтамасы жинақталып, бүгінде жәдігерге айналған. 85-90 жыл бойы жинақталған көне ойыншықтар қалай сақталып, қалай дәріптелуде? 

2005 жылы ашылған Украина мемлекеттік ойыншықтар мұражайы көненің көзін көргендей әсер қалдырады. Мұражай Киевте 16 жыл бұрын ашылғанымен мұндағы 20 мыңға жуық жәдігер 85 жыл бойы жиналған екен. Бір қызығы, 19, 20-ғасырдағы ойыншықтар арқылы сол замандағы әлеуметтік, экономикалық, саяси жағдайды жазбай тануға болады. Міне ойыншық көліктерді қараңыз да, сол заманға тән транспорт түрлерімен танысыңыз, ал мынау балаларға арналған әдебиеттер тізімі, мына кукланың киімі де заманына сай тігілгені көрініп тұр. Екі ғасырға  жуық тарихты сипаттап беретін ойыншықтардың барлығы дерлік Украина территориясында өндірілген.

Людмила Гладун, мемлекеттік ойыншықтар мұражайының қызметкері:

- Авторлық ойыншықтар біз үшін аса құнды. Өйткені мұндай тауар түрін табу қиын және ол ойыншықтарды өнер туындысы деп тануға болады. Бұл мүсінші мен суретшілердің жұмысы. Сондықтан экспонаттардың сақталуына аса мән береміз. Ылғал болмауы қажет, үнемі бір температура сақталғаны жөн. Биыл аз ғана қаражатамызға қарамастан вентиляция құрылғысын орнаттық.

Украина мемлекеттік ойыншықтар мұражайында 59-60 жылдары ел аумағында өндірілген қазақ қуыршағымен да танысуға болады. Ұлттық киімдегі қазақ қызы мен ер баласы мұражай төрінен орын алыпты. Қара шашы төгілген, қасы қиылған әдемі қуыршақтардың киімдері де шебер қолынан шыққаны көрініп тұр. Кестелі, оюлы киімге уақыт сызат түсірмеген, қуыршақтарға осы күнге дейін жақсы күтім жасалғаны көрініп те тұр.

Людмила Мартынюк, мемлекеттік ойыншықтар мұражайының жоғарғы санаттағы методисі:

- Бізде 39 - 50 - 60-жылдардан сақталған ойыншықтар бар. Олардың арасында қазақтың ұлттық киіміндегі қуыршақтардың да орны бөлек. Әлбетте ұлттық үлгідегі ойыншықтарды жасау қиын болғанымен сол кездегі суретшілер фото мен тарих арқылы қазақ куклаларын барынша шынайы жасауға тырысқан. Мұражай мақсаты сол жәдігерлерді сақтап баптау.

Заманына сай қандай мамандықтың сұранысқа ие болғанын, құндылығы мен құнын, қалай және қандай зауытта әзірленгенін түрлі ойыншықтар арқылы тануға болады. Өндірістік және халық қуыршақтарының  да айырмашылығы сан-алуан. Мәселен, халық ойыншықтары ағаштан ғана емес, қамыс пен саз, түрлі мата мен сабаннан, кеспе дәндері мен жүгері және қамыр тіпті ірімшіктен жасалып, осы күнге аман жеткен. Дәл осы ойыншықтар арқылы да Украинананың қай аймағы мен аумағында қандай шаруашылықтың дәуірлегенін де жазбай танисың. Мұражайға билет 20 гривень, шамамен 334 теңге тұрады.

Авторлар: Аида Қыдырбай, Петро Борейко