Алматы облысында Мұқағали Мақатаев өлеңдерінің аудармасы жарыққа шықты

Оқырман қауым Мұқағали Мақатаевтың жауһар жырларын орыс тілінде оқи алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы облысында ақиық ақын өлеңдерінің аудармасы жарыққа шықты. «Возвращение ласточки» деп аталатын кітапқа поэзия тарланының 275 өлеңі еніп отыр. Оларды Қазақстанның мәдениет қайраткері Орынбай Жанайдаров аударған. Сонымен қатар осы күні «Жамбыл» атты роман-этюдтің тұсаукесер рәсімі өтті. Туындыда ғасырға жуық ғұмыр кешкен дүлділ ақынның жыраулық және айтыс өнері қамтылды. Нақты деректерге негізделген шығармада жыр жампозының тұтастай өмір жолы суреттеледі. Қос кітап Мұқағали Мақатаевтың 90 және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай 500 данамен басылып шықты.

Уәлихан Қалижан, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Жәкең туралы жазылғандардың барлығын жүрек елегімнен өткіздім, екшедім, сараптадым, соның негізінде осы роман-этюд жазылды. Әр этюд өмірінің әр сәті. Осының бәрін қосқанда Жамбылдың портреті шығады. Осы кітапты оқығаннан кейін жас ұрпақтың Жамбыл бабамызға деген түсінгі өзгереді. Жастарымызыдың ұлттық рухын көтеруге тарихпен тәрбиелеуге әсер етеді деп ойлаймын.