«Астана Опера» сахнасында «Біржан-Сара» операсы қойылады

Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсына биыл 75 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24».

17 ақпан күні «Астана Опера» сахнасында музыкалық жауһардың көрсетілімі өтеді. Қазір тыңғылықты дайындық жүруде.

«Астана Опера» сахнасында «Біржан-Сара» қойылымы көрсетіледі. Соңғы дайындықтар пысықталды. Спектакль қоюшылары кейіпкерлердің бейнелерін жаңаша құрып, қазақ классикасын басқа қырынан ұсынамыз деп отыр. Айтуларынша, музыкалық әрлеу бұрынғыдан тіпті ерекше болады. Көрерменге ұсынар туындының өзгерген жаңа тұсы көп дейді.

Абзал Мұхитдин, мемлекеттік опера және балет театрының қоюшы дирижеры:

– Бұл бірінші таза опера деп айтамыз. «Біржан-Сарада» таза авторлық музыка. Ең басында үш редакциясының қойылымы болған. Біздің редакциямызда Біржанның жаңа кірген музыкалық үзінділері – «Теміртас» әні, ол ешқашан болмаған.

 

Жәрмеңке көрінісімен басталған опера бірден көрерменнің қиялына қанат бітіреді. Мұнда дарынды халық зергерлері, шебер қолөнершілер, әккі саудагерлер және түрлі жануарлар да бар. 3D-технологияны пайдаланудың арқасында табиғат пен тұрмыс көріністері жандана түскен.

Бейімбет Таңарықов, актер:

– Қазақтың көрнекті композиторы Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсына биыл 75 жыл. «Біржан-Сара» операсы шетел сахналарында қойылып, құрмет пен қошеметке ие болған. Сталин сыйлық иегері атанған. Бұл қазақтың классикалық операсының бірі. Бүкіл қазақ халқына, белгілі «Астана Опера» театрына Елбасымыз келіп, театрымыздың ашылуына байланысты батасын беріп, «Біржан-Сара» операсы қойылды.

 

Естеріңізге сала кетейік, бұл екі бөлімді лирикалық драмалық операның тұсаукесері 1946 жылы болған. Сол жылы Біржан мен Сараның рөлін Әнуарбек Үмбетпаев пен Күләш Байсейітова сомдаған еді. Ал осы қойылымда басты рөлді сомдау Бейімбет Таңарықов пен Жәмиля Жарқымбаеваның бағына бұйырып тұр.

Әнел Еділқызы, Наурыз Базаров