Бай, қуатты болайық – Нұртілеу Иманғалиұлы

Бүгін 70 жасқа қараған шағында Қазақ телевизиясында 45 жыл қызмет атқарған, журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті.

Ол тілшілік ғұмырында дара қолтаңбасымен, кескін-келбетімен, адами болмысымен дараланған дарынды журналист болды. Кәсіби шеберлігімен кейінгі жас буынға үлгі болған ұстаз еді. Нұртілеу Иманғалиұлы көп жыл «Хабар» агенттігінде жемісті еңбек етті. Оның «Құрдастар», «Бетпе-бет» сынды авторлық бағдарламасы қалың көпшіліктің жоғары бағасын алды.

Нұртілеу Иманғалиұлы бар қарым-қабілеті мен күш-жігерін қазақ журналистикасының дамуына арнады. Тұлғасы қандай болса, сөзі де ірі-кесекті болатын. Эфирді жүргізу тәсілі ешкімге ұқсамайтын. Оқиғаны сабырмен пайымдап, нақты дәйекпен, шынайы дерекпен жеткізетін. Сондықтан да оның авторлық «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас», «Бетпе-бет» сынды бағдарламаларының аудиториясы кең болды. 

Тілеуқабыл Мыңжасар, журналистика ардагері:

– Нұртілеу телевизияның нағыз тұлпары еді. Сол телевизияда айтылатын сұлу сөздің сұңқары еді. Егер біз телевидениені бір өнер деп есептейтін болсақ, сол өнердің ең биік шыңына жеткен Һас тұлпардың нақ өзі болатын. Тамаша дос, жақсы азамат бақилық болды. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.

Ләззат Айтханқызы, журналистика ардагері:

– Әр хабардың шығарылымына әдіс тәсілдер ойластырып, үнемі ізденісте жүретін. Бізге де соны айтып отыратын. Тек көрініс қатары әсерлі болумен қатар мән-мағынасы, мазмұны терең болуы керек дегенді үйретті. Бақұл бол аға дейміз.

«Бетпе-бет» бағдарламасының соңында айтылатын осы ізгі сөз халық арасында кең тарады. Автордың тілегіне көрермен разы болатын, әрине. Нұртілеу Иманғалиұлы өз кәсібінің биіген шықты. Ел ықыласына бөленді. 

Дана Нұржігіт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Телевизия өнерін өмірім деп білетін, әрбір хабарында өзіндік қолтаңбасы бар, бүкіл болмысымен телевизияның синтездік өнер екенін түсінетін екі адам болса, соның бірі Нұртілеу аға болатын. Еш уақытта эфирге рухани әлемі бос болып шықпайтын. Айтары бар азамат еді.

Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының иегері. 2007 жылы Қазақстан ұлттық арнасының басқарма төрағасы болды. Бірақ ешқашан журналистикадан қол үзген жоқ. Өмірінің соңына дейін өзінің авторлық бағдарламаларын жүргізіп келді. Бүгінде елімізге танымал болған журналистердің кәсіби жетілуіне ықпал етті.   

Амангелді Сейітхан, журналист:

– Өз аудиториясына соншалықты адал болды. Адалдығы соншалықты, ауырып тұрса да, қанша жаны қиналып тұрса да, оны эфирде көрсетпейтін. Ағамыздың телеөнердегі алатын орны ерекше. Өзі жиі айтушы еді, біреу дүниеден өткенде Бейбіт Құсанбгеміз, Бейсен Құранбегіміз қайтыс болғанда: «Бұлар бір-бір мектеп қой: сол мектепті біз дәріптеуіміз керек, содан үйренуміз керек деп. Енді Нұрекеңнің өзінің де мектебінен шәкіртті көптеп тәрбиелейтін жағдайға келдік.

Зейін Әліпбек, журналист:

– Шынында да ағамыз журналистік жолы да, табиғи болмысы да дара адам. Журналистік жолы бөлек дейтін себебіміз, ол кісінің жүргізген, дайындаған хабарлары ешбір журналистікіне ұқсамайды. Ал адами болмысы бөлек дейтініміз, адамгершілік қасиетке, мінезге өте бай еді.

Алмас Садуақас, Кенже Амраев