Павлодардағы қазақ театры жылға жуық уақыт онлайн жұмыс істеп келеді

Павлодардың Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театры 11 ай бойы онлайн режимде жұмыс істеп келеді. Бұған театр ғимаратына жасалған жөндеу жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталмауы себеп болды. Оның үстіне  коронавирус індетінің өршуіне орай карантиндік шектеулердің күші жойылмады.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Көрермен залы бос. Сахна шымылдығы жабық. Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театрының онлайн режимге  көшкеніне наурыздың 15-інде тура бір жыл толады.

Қазақ театры өткен жылы 30 жылдық мерейтойын атап өтуі тиіс еді. Өнер ұжымы әлемдік классикаға айналған талай туындыларды сахналаған. Репертуарында жүзге тарта қойылым бар. Мұхтар Әуезовтың, Ғабит Мүсіреповтың, Шекспир, Гоголь мен Гольдонидың шоқтығы биік шығармалары көрерменнің жадында сақтаулы. Театрдың іргесін қалаушылардың бірі Жұмақан Доспаев өткен жыл өнер әлемі үшін тоқырау жыл болғанын жоққа шығармайды.

Жұмақан Доспаев, ҚР мәдениет қайраткері:

- Арасында біз кішкене жұмыс істеуге болушы еді ақырын-ақырын, бір елудей адам жинап спектакль қоюға болар еді. Сол былтыр ремонт басталды. Одан бері қарай міне бір жыл болып қалды ғой. Ремонт енді бітіп жатыр. Сол ремонттың кесірінен шыны керек жинай алмадық коллективті. Өте қиын болды.

Театр  ұжымы Гогольдің «Ревизоры» мен Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» қойылымына дайындықты Торайғыров университетінің қабырғасында жүргізді. Жаңа маусымды ашуға мүмкіндік болмады. Өңірде қауіпті індет қайта  өршіп, карантиндік шектеулер енгізілді. Бұл өнер адамдарына  оңай тимеді.

Жұмақан Доспаев, ҚР мәдениет қайраткері:

- Жап-жақсы дайындалып келе жатыр едік, тағы да жабылып қалды. Тағы да біздің ремонтымыз әлі бітпеген. Бір жері болса бір жері жетіспейді. Сондықтан өзіміз де есеңгіреп, не істерімізді білмей үйден шыға алмай қалдық. Қазір не айтарымызды білмей отырмыз, шыны керек. Үйде жатқанымызды айтамыз ба? Халыққа не айтарымызды білмей отырмыз.

Көрерменін сағынған театр ұжымы қашықтан болса да дайындықты  үзбеген. Жұмысты бүгін бастауға даяр.   

Жангелді Садықов, театрдың  қоюшы  режиссері:

- Біз осы жаңа маусымды Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» пьесасымен ашпақ болған едік. Бірақ өкінішке орай, мына пандемияға байланысты одан кейінгі театрымыздың жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты біраз шегеріліп қалдық. Енді бұйырса, осы наурыз айында алдағы уақытта көрермендермен қауышамыз деген ойдамыз.

Павлодар облысы әлі «қызыл аймақтан» шыға алмай отыр. Сондықтан театрдың жұмысы нақты қай кезде басталатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Ал жөндеу жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталды. 

Самал Бегалинова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

- Театрдың ішіне толығымен жөндеу жұмыстары атқарылды. Мына сыртқы қас беті дейміз, ішкі келбеті барлығы жаңадан өзгертілді. Негізгі залға келетін болсақ мына сахналық киім, көрерменнің отыратын орындықтары, жалпы безендіру, түсіне келсек өзгеріс енгізілді.

Ғимараттың төбесі, жылу желілері де жаңартылған. Бірақ сыртқы келбетіне қатысты сауал көп. Атқарылған жұмыс көңіл көншітпейді.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков