Алматыда жас ақындардың айтысы өтті

Алматыда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған жас ақындардың айтысы өтті. Осымен бесінші рет ұйымдастырылған дәстүрлі айтыстың биылғы ерекшелігі халықаралық мәртебе беріліпті. Яғни Қырғызстан мен Қытай және Моңғолиядан келген қандастарымыз да «Менің пірім Сүйінбай» аталған додаға қатысып, бақтарын сынады.

Екі күнге созылған аламанның іріктеу кезеңінде ірілік танытқан 12 ақын финалда айтысты. Жас ақындардың өнеріне Жүрсін Ерман бастаған қазылар бағасын беріп, жеңімпаздар, жүлдегерлер қаржылай сыйлықтарға ие болды. Осынау дүбірлі доданың өтуіне ұйытқы болған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті енді күз айында ақын Оразәлі Досбосыновты еске түсіруге арналған айтыс ұйымдастырамыз дейді.

Бекарыс Шойбеков, айтыскер ақын:

- Бұл айтыс жылдан жылға дамып, қанаты кеңейіп келе жатыр деген сөз. Оның үстіне жыл сайын бұған 50-60-қа жуық ақындар қатысқан.  Енді ол деген бүкіл біздің осы өнерге талабы бар ақын жігіттер, қыздардың барлығына мүмкіндік береді деген сөз. Бүгінгі халықаралық айтысымыздың өзі екі күнге ұласып отыр. Бұл жолғы айтыстарға тек алдыңғы жылдардағы жеңімпаз ақындар қатысып отыр. Жүлделі орын алған  кәдімгі. Жүзден жүйрік танылған ақындар.