425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Өзбекстандықтар Сырым Датұлын неге «ғайып ата» деп атайды

  • 554
  • UPD: 21:02, 20.02.2021

Қазақтың батыры, әйгілі шешен Сырым Датұлы жерленген қорымды өзбек ағайындар қарап, күтімге алған.

Ресей империясының озбыр отаршыл саясатына қарсы шығып, Кіші жүздегі ұлт-азаттық қозғалысты бастаған бабамыз көрші елдің Хорезм облысында жерленген. Қазір қазақтардан гөрі қолбасшы батырдың рухына ала тақиялы ағайын көп тағзым етеді екен.

Жасын Біркенов, тілші:

- 1802 жылы Хиуа хандығында қаза тапқан Сырым Датұлы бүгінде Хорезм облысының Гүрлен ауданында жерленген. Бірақ бабамыздың тап осы жерде мәңгілік мекен тапқанын екінің бірі біле бермейді. Сондықтан Қазақстаннан батырдың басына келіп зиярат ететіндер аз екен.

Қол бастаған көсем, сөз бастаған шешеннің сүйегі қайда жатқаны 2007 жылға дейін беймәлім болды. «Ресей империясының озбыр саясатын қолдаған сұлтандар қудалаған соң, халық батыры 1797 жылы Хиуа хандығына өтеді. Осы жерде оны улап өлтірді» деген ақпарат бар. Бірақ 14 жыл бұрын Өзбекстанға арнайы келген ғылыми-зерттеу экспедициясы Сырым Датұлының қорымын Хорезм облысынан табады. Сөйтсе бабымызды жергілікті тұрғындар «ғайып ата» деп атап, оны әулие көреді екен.

Оралбай Артиқов, қабірстан шайхы:

- Бұл жерге зиярат етушілер көбіне ем іздеп және бала сұрап келеді. Ол үшін қабірді үш рет айналады. Перзент сүйгісі келетіндер шағын бесік жасап, ішіне ақша салып, оны қабірдің қасына қойып кетеді.

Батырдың ұрпақтары қазақ халқын азат етпек болған Сырым Датұлының басына тас орнатып, шағын кесене салып қойыпты. Ал өзбек ағайын болса, бабамыздың қабірін үнемі күтіп ұстайды екен.

Пулатбек Изюмов, Хорезм облысы қазақ мәдени орталығының төрағасы:

- Алдымызда мақсат бар. Үлкен кесене салу. Музейі бар, кітапханасы бар, мешіті бар кесене құрылысының жобасын жасап жатырмыз. Әкімшілік те, Сырым Датұлы, Нағанай би ұрпақтары да жәрдем береді деген үміттемін.

Көрші елдегі қандастарымыз Қазақстаннан бабаның рухына дұға бағыштап келетіндер аз дейді. Өйткені Сырым Датұлының қорымы қайда орналасқанын бәрі бірдей біле бермесе керек. Патша Үкіметі кезінде осы қолбасшы батырдың арқасында қазақтар Жайық пен Еділ арасындағы жайылымдарды қайтарғанын айтып кеткен жөн.

Ж.Біркенов және Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы