Түркістан облысында 8 ғасыр бұрын бой көтерген «Ақбикеш» мұнарасы қайта жаңғыртылды

700 жыл бұрын салынған тарихи жәдігер осы уақытқа дейін бірде-бір рет жөндеу көрмеген.

Мамандар алғашында тарихи ескерткіштің биіктігі 25 метр болғанын айтады. Кейін қар мен жауынның салдарынан мұнара мүжіліп, жартысы ғана қалған. Қазір көптің қолдауымен күрделі жөндеуден өткен нысан туристерді қабылдауға дайын.

Жұмбақ мұнара Созақ ауданының Ақсүмбе ауылы маңындағы биік шоқы басында орналасқан. Тарихи деректер бойынша 14 ғасырда Әмір Темір заманында салынған. Бірақ оны кім, нақты не мақсатта салдырғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан ел арасында «Ақбикеш» мұнарасы жайында аңыз көп. Тарихшылар жаугершілік заманда айналаны шолу үшін тұрғызылған дейді. Себебі мұнара басынан радиусы 50 шақырымға дейінгі аймақ тұтас көрінеді. Бұл ең сенімді нұсқа. Ал «Ақбикеш» аталуын сұлу қыздың құрметіне қойылған деп топшылайды.

Нағима Рысдәулетова, Ақсүмбе ауылының тұрғыны:

- Дешті Қыпшақ жерін бақылау үшін салынған бұл мұнара. Терезелері бар. Бастапқыда биіктігі 25, ені 11 метр болған. Қазір шөгіп, ені 7 метрге дейін азайып кеткен. Бастапқыда 11 метр болған. Созақ ауданына ғана емес, бүкіл республикамыздағы ең көне ескерткіштің бірі деп айтылады. Тек осы ауыл ғана емес, сырттан да кісілер келеді. Біз бұл ескерткіштің тарихи-мәдени маңыздылығын ұмытпауымыз керек.

«Ақбикеш» мұнарасы салынғалы бері жөнделмеген. Соңғы ғасырларда жел мен жауынның, аптап ыстықтың салдарынан тарихи ескерткіш мүжіліп, құлай бастаған. Тарихшылар мен жергілікті тұрғындар неше жылдан бері дабыл қаққанымен еш нәтиже шықпапты. Себебі тарихи нысан тікелей Мәдениет министрлігіне қарағандықтан, оны жергілікті биліктің өз бетінше жөндеуге құқығы жоқ. Соның салдарынан ғажайып ескерткіш жылдар бойы шөгіп, қараусыз қалған. Мәселе тек өткен жылы ғана шешімін тапқан.

Мақсат Қарғабай, өлкетанушы:

- Аудан әкімі Салыхан Полатовтың басшылығымен жеке кәсіпкерлерді тарта отырып, құрылысы басталып, 2020 жылдың соңында аяқталды. Көбіне бізге сырттан келетін кісілер бар. Олар Алматы мен Нұр-Сұлтаннан таңертең шыққанымен бізге кешке жетеді. Ескерткішті көріп кету керек. Сондықтан соның маңайын жарықтандыру мәселесін аудан әкіміне айттым, ол кісі қолдап, қолға алатынын айтты.

Өткен жылы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазреставрация» ғылыми зерттеу және жобалау мемлекеттік мекемесі «Ақбикеш» мұнарасын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар тарихи жәдігер республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізілді.

Айта кетейік, Түркістан облысында 1663 тарихи-мәдени ескерткіш және 57 туристік бағыт бар.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы