Павлодарлық саяхатшылар бір музейге қажет жәдігерлер қорын жинақтады

Ертіс өңірінің саяхатшылары бір музейді толтыратын дүние жинады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экпонаттарды Павлодар география үйінің белсенділері шет елдерден әкелген. Карантин кезінде саяхатқа шыға алмаған туристер уақытын сарп етпей, түрлі экспонаттарды бір жүйеге келтіріп жатыр.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Соңғы бірнеше жылда жергілікті география қорында жүздеген жәдігер топтастырылды. Олардың ішінде экзотикалық елдерге тиесілі экспонаттар да баршылық. Мәселен, бұл шағын үстел Батыс Африкадағы Кот-д'Ивуар елінен әкелінген. Ал бұл мына заттар Жапонияныкі. Бірнеше жыл ішінде жинақталған Азия елдерінің ақша үлгілері тұтас коллекцияға айналды.

Павел Леонов, география пәнінің мұғалімі:

- Олардың қатарында айналымнан шыққан ақша үлгілері бар. Мәселен, бұл 1953 жылы басылып шыққан банкнот. Қытайлық купюрада бұрынғы КСРО-да шығарылған ЗИС көлігінің суреті салынған. Себебі, сол кезде Қытай осы көліктерді кеңестік лицензиямен құрастырған. Бір сөзбен айтқанда, банкнот арқылы Азия елдердің тарихын да тануға болады.

Пандемия басталғалы география үйінің мүшелері саяхаттаудан қол үзіп қалғаны рас. Сондықтан ішкі туризмге басымдық берген. Мәселен, бұл жәдігерлер облыс аумағынан табылған. Тарихшылардың пайымдауынша, Ертіс жағасынан табылған сүйек ежелгі замандағы пілдікі болуы мүмкін.

Александр Вервекин, география үйінің директоры:

- Жоспарымыз бойынша бірнеше шағын музей құрылуы тиіс. Қазіргі уақытта жәдігерлерді топтастырып жатырмыз. Кейін сала мамандарының кеңесіне жүгінбекпіз. Бұл – аса жауапты іс. Осылайша, географиялық білімді насихаттауды көздеп отырмыз.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Павлодарлық саяхатшылар алыс-жақын шетелден осындай жәдігерлерді әкелумен қатар аймақтағы алғашқы қоғамдық-географиялық кітапхананың қорын да толықтыруда. Мәселен, мұнда 1958 жылы Алматыда басылып шыққан Шоқан Уәлихановтың шығармалар жинағы сақтаулы. Қазіргі таңда бұл қоғамдық кітапхананың коллекциясы төрт мың данадан асқан.

Бұл кітапхана өз оқырманын тауып үлгерген. Әсіресе, оқушылар үшін аса қызық. Этнографиялық, палеонтологиялық, геологиялық артефактілер және ақша үлгілері жүйеленуі тиіс. Бұл іс алдағы уақытта музей ісінің мамандарының көмегімен атқарылмақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков