Саздан Абайды жасаған қырғызстандық мүсінші жұртты тәнті етті

Құмнан құбылыс тудырып, қайталанбас тарихи тұлғалардың мүсінін саздан жасаған Тамила Маматова әлеуметтік желіде танымал болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақ халқы да Тамиланың туындыларына мән беріп, қызығушылық танытты. Былтыр ол саз балшықтан Шыңғыс Айтматовтың бейнесін сомдап, жұмысына жоғары баға берілді. Енді Тамила Абайдың мүсінін жасады.

Тамила Маматованың танылуына әлеуметтік желі себеп болды. Мүсіншінің туындыларына тамсанған ел пікір қалдырып, өз бағасын берді. Қазақ елі де Тамиланың талантына тәнті болды. Әлеуметтік желі пайдаланушылары өнер иесінен тіпті кемеңгер Абайдың мүсінін салуды өтінген. Қолынан өнер тамған Тамила бұл ұсынысты құп көрді. Ақынның өмір жолы мен шығармашылығын зерттеген. Кейін саз балшық туындыны жасауға 1 ай уақытын сарп етті.

Тамила Маматова, мүсінші:

– Абай ақынның өлеңдері мен қара сөздерің оқыдым. Ойшылдың бейнесін қалай көргім келетіні бірден түсінікті болды. Өздеріңіз байқағандай, Абай терең ойға шомып отырған секілді, ал жанында жатқан қолжазбасы оның шығармашылығының символы іспетті. Яғни мен оның өміршең ойларын мәңгілік материалдан жасауға тырыстым.

Абай мүсінінің макеті дайын, енді оны қоладан құю керек. Пандемияға байланысты шекара жабылмағанда, мүсін Көкшетауға баяғыда жеткізілуші еді. Тамила ескерткішті жергілікті педагогикалық колледжге сыйлағалы отыр. Жоспар бойынша, тағы бір нұсқасы Нұр-Сұлтанға да жіберіледі. Әлеуметтік желі арқылы алғысын жаудырған қазақстандықтар Дінмұхамед Қонаевтың да бейнесін жасауға өтініш білдіруде.

Тамила Маматова, мүсінші:

– Дінмұхамед Қонаев туралы зерттеп шықтым, ол Қазақстанда өте танымал және беделді адам болған екен. Ол туралы әлі де көбірек білуге тырысамын. Себебі бұл композицияны құруда маған көмектеседі.

Тамила Маматова Тұрғынбай Садықов атындағы Ұлттық көркемсурет академиясында жоғары білім алған. Сондай-ақ Ресейдің Санкт-Петербор қаласында Илья Репин атындағы көркемсурет академиясын 2018 жылы бітірген. Ол – көптеген халықаралық көрмелер мен байқаулардың жеңімпазы. Шыңғыс Айтматовтың 3 метрлік ескерткішінің макетін өз ақшасына жасаған. Енді қоладан құю үшін қосымша қаражат керек. Тамила соңғы туындыларының бірі – Ұлыбритания патшайымы Елизавета екіншінің мүсінін өзіне сыйға тартқысы келетінін айтты.

Әнел Еділқызы, Бақыт Чермашев