Тоғызқұмалақ ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілді

Тоғызкұмалақ Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының ғаламдық тізіміне қосылған тұңғыш үстел ойыны болды. Бұл туралы ЮНЕСКО ұйымына сұраныс осыдан екі жыл бұрын түскен еді.

Көшпелі халықтардың ежелгі ойынын «қойшылар алгебрасы» немесе «Дала шахматы» деп те атайды. Заман талай өзгергенімен мыңдаған жылдық тарихы бар бұл дәстүр біздің күнімізге дейін жетті. Тіпті бүгінгі күнде Ұлы Даладан алшақтағы Париж қаласында ой ұтқырлығын ұштау үшін тоғызқұқмалақ ойнайтын болды. Бұған қоса ол карантиннен жалыққан адамдардың көңілін көтеріп келеді. Жалпы тоғызқұмалақ әлем бойынша логикалық ойжұмбақтарға құмар қауымға танымал ойынға айналған. Ал енді ол дүниежүзілік мәдени мұра ретінде ресми танылып, Қазақстан делегациясына ЮНЕСКО сертификаты табысталды.

Жан Ғалиев, Қазақстанның Франциядағы Елшісі:

- ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізу оңай іс емес. Тоғызқұмалақ ойынының құжаттамасын дайындауға екі жылдай уақыт кетті. Қазақстан, Қырғызстан және Түркия өкілдері бірлесіп бұл істі атқарған. Нәтижесінде 2018 жылы құжаттаманы ЮНЕСКО ұйымына жібердік.

Тоғызқұмалақ осы үш елге ортақ дәстүрлі ойын. ЮНЕСКО комиссиясы олардың бірлескен еңбегіне жоғары баға берді. Бұл ойынды Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу шешімі коронавирус індеті дендеп тұрған кезде қабылданды. Халық үйде оқшаулануға мәжбүр болған жағдайда үстел ойындары ерекше сұранысқа ие болды.

Тим Кёртис, ЮНЕСКО материалдық емес мәдени мұра бөлімінің басшысы:

- Материалдық емес мәдени мұра ауыр жағдайға түскен адамдарға жігер береді. Тоғызқұмалақ тізімге осы себептен енгізілді деп айта алмаймын, өйткені өтініш індет басталғаннға дейін түскен. Бірақ жалпы қазіргі жағдай осындай дәстүрлердің маңызы туралы ой салады. 

Тоғызқұмалақ дүниежүзілік материалдық емес мұра тізіміне енгізілген қазақ мәдениетінің 11-нысаны болды.

Айта кетейік, бұған дейін оған күй өнері, киіз үй, айтыс, қазақ күресі, Наурыз мерекесін тойлау, жыртқыш құстармен аң аулау, асық ойыны, Қорқыт ата мұрасы және жылқы баптау дәстүрлері енген болатын. 

Авторлар: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан