Жамбыл Жабаев жасампаз ұрпақпен мәңгі бірге жасай береді – зиялы қауым

Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мерейтойға орай жыршының туып-өскен жері Алматы облысы, Жамбыл ауданында дәстүрлі «Жамбыл күні» әдеби-мәдени іс-шарасы өтті. Сонымен бірге Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Сұраншы батыр ауылында балабақша мен мәдениет үйі ашылып, ел игілігіне берілді.

Дәстүрлі Жамбыл күні аудан орталығы Ұзынағаштағы Мәдениет үйінде басталды. Жамбыл Жабаев ақпан айының соңғы жұлдызында дүниеге келген. Қазақ халқының ауыз әдебиетінің мол мұрасы – қисса дастандар, батырлар жырларын, халықтың өнегелі нақыл сөздерін жадына сіңірген жыр алыбының өмірі мен шығармашылығы жөнінде көрме ұйымдастырылды. Өлең сөздің дүлділі, айтыскер ақын әрі жыршы туралы елімізге белгілі ғалымдар мен қаламгерлер баяндама жасады. Жамбыл – жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді дейді зиялы қауым.

Жұмабай Шаштайұлы, жазушы:

– Орыс ұлты жалпы символдарды, әртүрлі белгілерді қатты зерттейді. Ал Жамбылда соның барлығы болған. Жамбылдың бойында әулиелік құбылыстар болған. Ол қазаққа тән үлкен құбылысты бойына жинаған. Біз кісілік тұрғыдан, демократиялық тұрғыдан Жамбылға үңілуіміз керек.

Рәтбек Терлікбаев, ҚР жазушылар одағының мүшесі:

– Жамбылдың ұлылығы сонда, екі дәуірді – 19-20 ғасырды сол жалғап тұрғандығында. Қазақтың эпостық ұлы дүниесін, 200-300 жылдық әдебиетін бізге жеткізуші.

Қуанышқа толы мерейлі күн Сұраншы батыр ауылында жалғасын тапты. Ауыл халқы көптен күткен балабақша ашылды. 90 балаға арнап салынған мектепке дейінгі мекемеге 35 адам жұмысқа орналасты. Ауылдық аймақта жыл сайын бала саны артып келетіні қуантады. Бала тәрбиесімен айналысатын мамандар да бар. Жас маман Салтанат Сәкенқызы бала тәрбиешісі болып жұмысқа орналасыпты. 

Салтанат Қожабергенова, жас маман:

– Шыны керек, осы балабақшаның ашылуын біз қатты күттік. Балаларымызды имандылыққа, патриоттыққа, Отанын сүйюге тәрбиешілеріміз атсалысады деген ойдамыз.

Сұраншы мен Қастек ауылдарында өнерпаздар жетерлік. Қариялар ансамбілінің құрылғанына да он жылдан асты. Бірақ мәдениет үйі жоқ еді. Оның салынуын қарттар да жастар да күтті. Сол үміттері ақталып, бюджеттен қаржы бөлініп ғимарат ашылды. Мәдениет үйінде қолөнер мен домбыра үйірмесі де бар. 9 адам жұмыс істейді. Талапты жастардың қабілетін шыңдауға, өнерін дамытуға жағдай жасалды. 

Гүлжан Талдыбаева, ауыл тұрғыны:

– Ауыл жастарының белгілі бір баратын жерлері болмай қиналып жүруші едік. Ауылымыздың күннен күнге көркейіп жатқанының белгісі. Керемет мәдениет үйі ашылып, халық қуанышқа бөленді.

Жалпы биыл Алматы облысында мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары бойынша 45 балабақша мен мәдениет үйі ғимараттары қайта жөнделіп, ел игілігіне беру жоспарланған.

Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев