Түркістандағы жалғыз мәдениет үйі сатылып кетті

Рухани ордамыз Түркістанда мәдениет үйі жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһардағы жалғыз мәдениет үйінің ғимаратын қала әкімдігі жекеменшікке сатып жіберген. Ал, өнер ұжымы тайлы-тұяғына дейін қалмай қала сыртындағы Бірлік ауылына көшірілген. Аядай тар бөлмеге қамалып, тынысы тарылған шығармашылық ұжымнан хал сұраудың өзі ұят.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Түркістандағы сатылып кеткен мәдениет үйінің қырықтан аса қызметкері қазір осы Бірлік ауылындағы ескі клубты паналап отыр. Қабырғалары қақырап, жылу жүйесі әлдеқашан істен шыққан мәдениет ошағының бір бөлмесін қызметкерлер көмірмен жылытып отыр. Сыймағандары кіреберістегі дәлізге жайғасқан. Карантин талаптары туралы айтудың өзі артық. «Сахналық киімдер бір бөлмеде шаң басып тұр. Ал, декорациялық заттар клубқа сыймағандықтан әркімнің үйінде тұр», -дейді мамандар.

Мұрат Жұманов, қалалық мәдениет үйінің бөлім меңгерушісі:

- Жаңағы студия жетекшісінің үйінде тұр. Біреуі жаңағы тағы бір қызметкердің үйінде тұр. Қалған біраз заттар осындағы Ерубаев интернатында қазір. Олардың енді келешек іс-шараларға жарайтынын-жарамайтындығын білмеймін енді, айта алмаймыз.

Қалалық әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, орталық алаңдағы бұрынғы мәдениет үйі былтыр 228 млн теңгеге сатылып кеткен. Яғни, нысанды қайта жөндегенше жаңасын салу тиімді деп тауыпты.

Жанерке Жарылқасын, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Ол жерде күрделі жөндеу жұмыстарының орнына жаңасын салу туралы шешім қабылданды. Осы мақсатта жекешелендіру жұмыстары да жүргізілді. Сатылым жүргізіліп қойылған.

Ал, жаңа мәдениет үйі Кентауға барар жолда салынбақ. Бірақ құрылыстың қашан басталары әзірге белгісіз. Себебі жобалау жұмыстары енді жасалмақ. Сондықтан жаңа ғимарат салынып біткенше мәдениет қызметкерлеріне ауылдағы ескі клубты паналай тұруға тура келеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы