Жаңаөзенде алғаш рет кәсіби «Жастар театры» ашылады

Шаһар билігі ғимарат құрылысына жер телімін бөліп те қойған. Өнер нысаны қаланы кешенді дамыту жобасы аясында алдағы екі жылда бой көтереді деп жоспарланған.

Аймақ әкімдігінің қолдауымен жиырмаға жуық маңғыстаулық жас Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы өнер ұйымдарында, сондай-ақ Нұрмұхан Жантөрин театрында дайындық курсынан өтеді. Қазір болашақ театрдың репертуары түзіліп жатыр. Қойылымдарға қажетті реквизит, сахналық костюмдерді әзірлеуге де жан-жақты көмек көрсетіледі. Жаңаөзендіктерге қуанышты жаңалықты жеткізген ақтаулық әртістер труппасы «Құнанбай мен Абай» спектаклін көрермен назарына ұсынды.

Дәмелі Утебаева, «Мұнайшы» мәдениет үйінің директоры:

- Біздің мәдениет үйінің жанынан жастар театр труппасы болып ашылайын деп жатыр. Осыған бүкіл құжаттары қазір қала әкімінің және облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен шешімін тауып жатыр. Халықтық драма ұжымымыз, оқыған мамандарымыз да бар. Жантөрин театрының көмегімен ол жақтың актерлері және өз мамандарымызбен қазір жұмысымызды бастайын деп жатырмыз.

Гүлсина Мирғалиева, Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрдың директоры:

- Жүргенов, Шабыт және колледждер де бар. Олардан 15 артисті шақыруға болады. Соны ойластырамыз, көмектесеміз. Жалпы біздің театрда ашылғанда барлығы кәсіби болған жоқ басында. 15 адамды біздер оқытқанбыз. 6 ай курста оқыттық, ондағы атмосфераны көруі, білуі үшін. Жаңаөзенде театр болса, көп нәрсе өзгереді. Жаңаөзен - керемет қала, барлығы мұнда жақсы. Бірақ мұнда театр жетіспейді меніңше.