«Хабар» арнасында 21 наурыздан бастап «Маска» шоуы көрерменге жол тартады

«Хабар» арнасында жаңа жоба. Еліміздің басты телеарнасында әлемге танымал франшиза ұлттық нұсқада көрсетіледі.

Тың форматтағы «Маска» шоуының қатысушыларын 21 наурыздан бастап қазылар алқасы анықтайды.

Аршын Кемелжан, тілші:

- «Хабар» арнасында 21 наурыздан бастап жаңа жоба көрерменге жол тартады. «Маска» әлемдік франшизасы енді қазақ экранында көрсетілмек. Бағдарламаның басты мақсаты – әртүрлі маска киген қатысушылардың кім екенін қазылар алқасы анықтауы керек.

Марат Оралғазин, қазылар алқасының мүшесі:

- Көптеген таныстарды танығандай боласың да, бірақ дегенмен, күмән әрдайым бар. Өте қызық жоба, менің ойымша, «Хабар» арнасындағы ең бір рейтингі жоғары, көрерменнің ықыласына бөленетін мықты жоба болайын деп тұр. Негізі интригаға толы, әр саны өзгеше бір жаңалыққа толы дүние, сондықтан көріңіздер өте қызық.

Жалпы жобаға 14 қатысушы таңдап алынған. Олар екі топқа бөлініп өнер көрсетеді. Әр бағдарлмада қазылар алқасының көңілінен шықпаған бір кейіпкер маскасын шешіп отырады. Үш айға созылатын жобаның жеңімпазы финалға өткен үш адамның арасынан анықталмақ. «Қатысушылар әр саладан таңдап алынған танымал адамдар», - дейді жоба продюсері.

Гүлнұр Мамасарипова, «Маска» шоуының продюсері:

- 14 қатысушы, олардың барлығы әнші емес. Бұл жоба франшиза екенін барлықтарыңыз білесіздер, франшизаның өзінің ережелері бар. Соған сәйкес бұл жобаға қатысатын адамдардың ең басты талап – танымал болуы керек. Спорттан болсын, шоу-бизнестен болсын, киноиндустриядан болсын, тіптен дизайн болсын, телевидение болсын, кез келген саладан танымал адам болу керек. Бір сөзбен айтқанда, маскасын шешкен кезде «Ей, сен бе», деп қалатын адам болу керек.

«Маска» шоуы Хабар арнасында 21 наурыздан бастап көрсетіле бастайды. Әр жексенбі кешкі сағат 19:15-те «Хабар» арнасы қосулы болсын! Әртүрлі жануарлар мен кейіпкерлердің бетпердесін киген қатысушылардың құпиясын бірге ашайық.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон