Семейде «Аса мәртебелі әйел» фотокөрмесі ұйымдастырылды

Көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында Семейде ерекше шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Аса мәртебелі әйел» деп аталатын фотокөрмеге тәуелсіздік жылдары әр салада жетістікке жеткен семейлік арулардың бейнесі қойылған. Қарапайым сауыншыдан бастап теміржол, әуе қатынастары, ауыл шаруашылығы, білім және мәдениет салаларында еңбегімен елге сыйлы болған жандар туралы көпшілікке кеңінен таныстырылды. Барлығы 150 адам қамтылған. Көрме қаладағы сауда үйлері, теміржол вокзалы, әуежай сияқты нысандарда бір апта бойы жұмыс істейді. Қала тұрғындары бұл шараны ыстық ықыласпен қабыл алды.

Нұргүл Жұматаева, Жаңасемей теміржол станциясының бағыттамалық бекет кезекшісі:

- Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Өте қуаныштымын, алғысым шексіз. Әйел адамға байланысты ғой бәрі. Жұмыста да, үйде де, түзде де барлық жерде тазалық, бәрін қатар алып жүреміз ғой, үйренген адамдармыз. Мен өзім әжеме ұқсаймын негізі, ол кісі еңбекқор кісі болған. Сол кісілердің тәрбиесі ғой, сол кісілердің өнегесі берген. Оны өз ұрпақтарыма беруге, дамытуға тырысамын.

Назерке Аққожина, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Пандемияға сәйкес бір жылдан асты, көп шаралар офлайн форматта тоқтап тұр. Содан осындай бір ой туындап, шаруа қожалығын дөңгелетіп отырған әйел адамдарды көрсетуге тырыстық. Көп балалы аналарды да көрсетуге тырыстық, қаламыздағы қоғамның әр саласына тығыз атсалысып жүрген қоғам белсенділерін, қайырымдылықпен айналысып жүрген әртүрлі саладағы әйел адамдарды қамтуға тырыстық.