Қазақстанның Сеулдегі елшісі Кореядағы танымал қоғам қайраткерлерін алғыс хаттармен марапаттады

Еліміздің Сеулдегі елшісі Бақыт Дүйсенбаев Кореядағы танымал қоғам қайраткерлерін алғыс хаттармен марапаттады.

Марапатталғандардың «Хабар 24» арнасының Оңтүстік Кореядағы меншікті тілшісі Владислав Цой да бар. Алғыс алған барлық адам Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мерекелеу іс-шараларына белсенді қатысты. Жазушы Ким Бён Хактың шығармашылығы ерекше атап өтілді. Ол Абайдың шығармалар жинағын корей тіліне аударды. Сол үшін Қазақстан кітапханалар Альянсынан «Халық Құрметі» төсбелгісімен марапатталды.

Ким Бен Хак, жазушы:

– Қазақстан Елшілігінің арқасында Абай шығармалары кітап болып жарыққа шықты. Тираж саны шектеулі, тек мектептер мен кітапханаларға тегін таратылды. Бұл кітаптардың қосымша даналарын шығарып кітап дүкендерінде сату керек. Мен алғаш рет Абайдың «Ескендір» және «Масғұт» поэмаларын аудардым, олар ұзақ болғанымен, мағынасы терең. Корей жұртшылығы оқыса, Абайдың ұлылығын түсініп, Қазақстанды жақсырақ білетін болады.

О Ын Гён, Еуразия түркітану зерттеулері институтының директоры:

– Мен түркітілдес мемлекеттер әдебиетімен айналысамын. Форумға қатысу үшін Қазақстаннан жазушылар шақыру жолдарын қарастырдық. Мұны жүзеге асыру қиын болды, өйткені байланыс орнатылмаған. Қазір түркі мемлекеттерінің цифрлық энциклопедиясы жобасы бойынша жұмыс істеп жатырмын. Қазақстанның ана тілі, әдебиеті, әдет-ғұрпы, діні, мәдениеті мен өнеріне арналған бөлім бар. Бізге көптеген фотосурет мен бейне қажет. Бұл 5 жылдық жоба. Егер ол іске асса, адамдар онлайн режимінде сайтқа кіріп, Қазақстан туралы барлық ақпаратты таба алады.