Алматыда «Менің үлкен қазақы отбасым» фильмінің түсірілімі басталды

Алматыда тағы бір отандық комедияның түсірілімі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Менің үлкен қазақы отбасым» деп аталатын туынды Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінің екінші авторлық жобасы. Кинофильм бір ұл, үш қыз тәрбиелеген ақсақалдың отбасындағы оқиғадан өрбиді. Жаңа туындыда кімдер ойнайды, түсірілім жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Аршын Кемелжан, тілші:

- Қазақ киносы жаңа туындымен толығады. Комедия жанрындағы фильм Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінің екінші жобасы. Оқиға 60 жастағы Манарбек ақсақал мен төрт баласының таңдаған жұптары жайында өрбиді. Сценарий бойынша үлкен ұлы Бүркіт армян қызына үйленген. Ал, қыздары Қарлығаш пен Ақтотының таңдауы да өзге ұлт өкілдеріне түсіп, орыс пен кәріс жігіттеріне күйеуге шыққан.

Бүркіт, әнші:

- «Моя большая казахская семья» деп аталады. Kinopark пен Әсел Сәдуақасова қарындасымыздың бірге түсіріп жатқан сопродюсерлік жобалары. Мені бизнесмен деп көрермен қабылдай ма, қабылдамай ма? Дегенмен де, енді бизнесменнің рөлін сомдап, енді кішкентай эпизодтық рөл ғой.

Негізгі оқиға үйдің кенжесі Бұлбұл мен оның таңдаған жары төңірегінде болады. Кенже қыздың таңдаған Майкл есімді қара нәсілді жігіті әкесінің көңілінен шықпайды. Шет елдік күйеу балаға деген Манарбек ақсақалдың қарсылығы киноға арқау болған. Комедиялық жанрдағы фильмнің түсірілімі 22 күнге жоспарланған. Туындының продюсері Әсел Сәдуақасова, ал режиссері Ален Ниязбеков.

Ален Ниязбеков, режиссер:

- Бұл менің бесінші туындым. Әзірге түсірілім 22 күнге жоспарланған. Басты мақсат айтылмақ ойды, актерлердің көңіл-күйін камера арқылы көрерменге жеткізу. Фильмнің сценарийі түсірілім кезінде өзгеріске ұшырауы да мүмкін. Мұнда біздің көзбен көрген атмосфераны көрермен теледидардан көре алуы керек. Жақсы комедия болғалы тұр.

Киноны түсіруге 40 адам жұмылдырылған. Түсірілім жұмыстары Алматы қаласы мен облысының бірнеше жерінде жүргізіледі. Туынды арқылы еліміздің көрікті жерлері де көрсетіледі. Комедия жанрындағы отбасылық фильм Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінен көрсетіледі.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарынбаев