Отандық эстрада әртістері «Наурыз-думан» әніне бейнебаян түсірді

Әз-Наурыз мейрамы қарсаңында отандық эстрада әртістері қазақ музыкасының әуесқойларына тосынсый әзірледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақын Мұқағали сөзіне жазылған «Наурыз-думан» әніне жаңа аранжировка жасалып, бейнебаян түсірілді. Жақын арада туынды отандық телеарналарда көрерменге жол тартады.

Бұл әнді 32 жыл бұрын алғаш болып орындаған халық әртісі Роза Рымбаева бейнеклипте мүлдем жаңа кейіпте көрінеді. Жаңа туындыны түсіруге режиссер Жансая Көпбаева, оператор Еркінбек Қыдырәлиев пен жас әнші Әли Оқапов атсалысты. Арна тілшісі Дариға Ташенова шығармашылық процесстің куәсі болып, қазақстандық әншілермен сұхбат құрып қайтты.

Дариға Ташенова, тілші:

- «Наурыз-думан» әні алғаш рет 1988 жылы Алматыдағы филармонияда орындалды. Оған танымал күйші Абдулхамит Райымбергенов жетекшілік еткен «Мұрагер» ансамблі сүйемелдеді. Бұл туынды қазақ тіліндегі музыкаға әуес жандардың жүрегін бірден жаулап алды. Енді ән заман талабына сай жаңғыртылып, оған бейнебаян да түсірілді. Оған Роза Рымбаевамен қатар отандық жас әртістер де қатысуға шақыру алды.

Қарақат Башанова, әнші:

- Роза Рымбаева апайыммен бірге бейнебаянға түсу мен үшін үлкен мәртебе, үлкен құрмет. Осы бейнебаяннан түсірілімнен қалатын естеліктер өмірімдегі бір жарқын естеліктер болады деп ойлаймын. 3 минутта. Ол кісінің тәжірибесі мол. Маған көмектесіп тұрады.

Роза Рымбаеваның жанкүйерлері сүйікті әрітісін мүлдем жаңа кейпін тамашалай алады. Халық әншісі «Наурыз-думанды» кейуана образында орындап шықты.

Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:

- 32 жыл бойы шырқалып келген ән ғой. Көбінесе сахнада, алаңдарда, кез келген Наурызды тойлап жатқан қуанышта шырқалып жатқан ән. Ал, енді бүгінгі көрініс бұл нағыз қазақтың тарихы, Наурызды қарсы алу, ата-бабаларымыздың көктемді, жылыны қарсы алуы. Сондықтан осымен ерекше болады.

Бұл бейнебаянды әзірлеуге үлкен команда атсалысты. Танымал қазақстандық дизайнерлер қызығушылық танытып, ұлттық нақыштағы киімдер мен әшекей бұйымдарын ұсынды. Нәтижесінде режиссерлар қазақтың төл мәдениетіне тән туынды шығарды. Бейнебаян түсіріліміне дейін 2 апта бойы дайындық жүргізілді.

Айдана Орынбекова, гримм суретшісі:

- Біз құндылықтарды көрсеткіміз келеді. Бұл жерде Роза ханым кейуана рөлінде. Осы уақыттағы Роза ханым, қазіргі дәрежедегі. Біз бәріміз білеміз, Наурызды тойлаған кезде Роза ханымның әні шырқалады. Қай жерде қосылмасын, Наурызды еске аламыз. Сондықтан біздің мақсат – барынша Наурызды жеткізу.

Жаңа форматтағы «Наурыз-думан» әнін Роза Рымбаевамен бірге Айри, Қарақат Башанова, Мәди Сыздықов, Әміре, Ержан Максим орындады. Оның басты идеясы – жастар арасында Наурыз мейрамын кеңінен атап өтуге баулу.

Авторлары: Дариға Ташенова, Асхат Қарақойшиев