«Грэмми» алған алғашқы қазақстандық

Отандасымыз Иманбек Зейкенов иеленген «Грэмми» – америкалық дыбыс жазу академиясының премиясы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі музыка индустриясындағы ең абыройлы марапаттың бірегейі. Көпшілік бұл сыйлықты ән әлемінің Оскары деп те атайды. Дүние жүзіндегі басты музыкалық жүлденің жеңімпаздарын таңдау биыл онлайн түрде өтті.

«Музыкант мансабындағы ең үлкен жетістік – «Грэмми» сыйлығын алу. Бұл біздің қолымыздан келді».

2021 жылғы «Үздік ремикс» аталымын иеленген Иманбек Зейкенов әлемдік деңгейдегі жеңісін осылайша сипаттады.

Иманбек Зейкенов, диджей:

– Анама, әкеме, «Effective-Records» лейблына және менеджерім Кириллге рақмет. «Грэммиге» рақмет.

Иманбек Зейкенов – «Грэмми» жүлдесіне ұсынылған алғашқы қазақстандық. Ол америкалық дыбыс жазу академиясының сыйлығына Леди Гага, Ариана Грандэ, Бейонсе сынды танымал әншілермен бірге лауреат атанды.

«Roses» әніне жазылған ремикс жас музыканттың жеңіске жолын ашты. Айта кетерлігі, бұл ремикcті Иманбек екі жарым сағатта жазып шыққан. Бірақ бұл туынды бес жыл бұрын жазылған әннің түпнұсқасынан да танымал болады деп ойламаған. 

Танымал болғанға дейін Иманбек Павлодар облысының Ақсу қаласында теміржолда жұмыс істеген. Арнайы музыкалық білімі болмаса да, шығармашылыққа деген ұмтылысы оны осындай жеңіске әкелді. Иманбек Зейкенов Қазақстанның атын әлемге танытқан музыка әлеміндегі тағы бір жарық жұлдызға айналды.

Зейкенов бұл жүлдеге таласта Morgan Page, Rac, Bazzi vs. Haywyre және Louie Vega секілді танымал өнерпаздарды басып озды. Оның бұл туындысы YouTube-те 1 миллион рет қаралып, Billboard Hot 100 ретингісінің үздік бестігіне кірген.

Ал жеңімпаздың өзі бұл марапат әрбір музыканттың арманы екенін айтады.

Осы сыйлыққа ие болған Иманбекті Мемлекет басшысы да арнайы құттықтады. Димаш Құдайберген де алғашқылардың бірі болып ізгі тілегін жеткізді.

Бұған дейін қазақстандық Иманбек Зейкенов (EP) ұлыбританиялық әнші Rita Ora және франциялық диджей David Guetta-мен бірге миниальбом шығаратынын хабарлағанбыз.

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова

Сондай-ақ...