Ресейлік композитор Imanbek-тің «Грэммиіне» қатысты пікір білдірді

Халықаралық жүлде 20 жастағы қазақстандыққа америкалық рэпердің «Roses» композициясына жасаған ремиксі үшін берілген болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл айтулы оқиға ресейлік жұлдыздардың да назарынан тыс қалған жоқ. Айталық, композитор Виктор Дробыш Иманбектің сыйлыққа шынымен де лайық болғанын алға тартады.

«Түпнұсқаға қарағанда ремикстің әлдеқайда сәтті болғаны анық. Тіпті әрбір «үтіктен» естіліп тұратын. Сондықтан, бұл – дұрыс шешім. Менің атымнан да құттықтап қойыңыздар», – дейді Дробыш life.ru-ға берген сұхбатында.

Зейкенов бұл жүлдеге таласта Morgan Page, Rac, Bazzi vs. Haywyre және Louie Vega секілді танымал өнерпаздарды басып озды. Оның бұл туындысы YouTube-те 1 миллион рет қаралып, Billboard Hot 100 ретингісінің үздік бестігіне кірген.

Ал жеңімпаздың өзі бұл марапат әрбір музыканттың арманы екенін айтады. Ал өзін қолдағандарға алғысын жеткізді.

Осы сыйлыққа ие болған Иманбекті Мемлекет басшысы да арнайы құттықтады. Димаш Құдайберген де алғашқылардың бірі болып ізгі тілегін жеткізді.

Танымал болғанға дейін Иманбек Павлодар облысының Ақсу қаласында теміржолда жұмыс істеген. Арнайы музыкалық білімі болмаса да, шығармашылыққа деген ұмтылысы оны осындай жеңіске әкелді. Иманбек Зейкенов Қазақстанның атын әлемге танытқан музыка әлеміндегі тағы бір жарық жұлдызға айналды.

Бұған дейін қазақстандық Иманбек Зейкенов (EP) ұлыбританиялық әнші Rita Ora және франциялық диджей David Guetta-мен бірге миниальбом шығаратынын хабарлағанбыз.