Текелі тұрғындары Шежіре күнін атап өтті

Ұлыстың ұлы күні мерекесі бұдан былай елімізде жаңа сипатта тойланады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Наурыз тұжырымдамасы бойынша 14 наурыз – Көрісу, 15 наурыз Жайлау күні болса, 16 наурыз – Шежіре күні. Алматы облысындағы моноқалалардың бірі Текелі қаласында осы айтулы күнге орай «Шежірелі мекен – Текелі» атты тарихи-танымдық шара өтті.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Жетісудағы ең көрікті де құтты мекен Текелі төрінде өткен бүгінгі шараға қазақтың арғы-бергі тарихы мен өздері тұрып жатқан қаланың шежіресін жетік білетін аға буын өкілдері арнайы шақырылыпты. Солардың бірі – жергілікті ақын Қыдыр Байдүйсенұлы. Ол кісі жастарға Текелінің шежіресін бүге-шігесіне дейін түсіндіріп, егжей-тегжейлі баяндап берді.

Қыдыр Байдүйсенұлы, Текелі қаласының тұрғыны:

- Арғы тарихтан сөз қозғасақ, қалмақтарды жеңгеннен кейін Ескелді Жылкелдіұлы бабамыз, Балпық би бабаларымыз, Қабан жырау (Қабылиса) деген бабаларымыз халықты осы жерге көшіріп әкеліп орналастырды. Содан бері осы жерде тұрып келе жатырмыз. Мына Текелінің үстіндегі Балдырғанды жайлауында 1835 жылы атақты айтыскер ақын Бақтыбай Жолбарысұлы дүниеге келген.

Бүгінгі тарихи-танымдық шараны Текелі қалалық балалар шығармашылығы орталығының оркестрі «Бақтыбай» күйімен ашып берді. Жетісудың жезтаңдайы атанған Бақтыбай ақынның ел ішінде 16 күйі таралғанын кезінде Жәнібек Кәрменовтың өзі мәлімдеген болатын.

1916 жылы Қапал оязынан келген казак-орыстар «Патша үкіметіне қарсы шықтың» деген желеумен Жалайырдың Сиыршысынан тарайтын бүкіл бір ауылды қырып тастайды. 156 адам сол жерде қаза тапты. Текелі кен орнын ашқан алғашқы қазақ геологтары Оразалы Қиқымұлы Жандосов пен Мерғали Қазбеков 1938 жылы «Халық жауы» деген жаламен атылып кетті.

«Шежірелі мекен – Текелі» тарихи-танымдық шарасы барысында құран оқылып, нәубет құрбандарының рухына бағышталды. Ұлы Отан соғысы жылдарында өндірілген он оқтың тоғызы жазықсыз жала жабылып, Сталиндік репрессияға ілігіп кеткен қазақтың сол атпал азаматтары ашқан Текелі кен орнының қорғасынынан жасалғанын біреу білсе, біреу білмейді.

Нұржамал Шоханова, Текелі қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы:

- Шара аясында біз негізінен қазақтың төл шежіресін, тәуелсіздік шежіресін, Текелінің тарихын таныстыруды мақсат еттік. Тәуелсіздік шежіресі аясында арнайы көрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеу мақсатында көрме ұйымдастырылып, ұлттық тағамдар таратылды.

Қылышынан қан тамған кеңестік жүйе кезінде наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынғаны белгілі. 1988 жылы үзілген жіптің үзігі қайта жалғанып, Текеліде Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге арналған ұлан-асыр той болды.

Бүркітбай Файзулла, бүркітші:

- Президентіміздің биылғы жылдан бастап осындай деңгейде тойлап өту жайлы шығарған шешімін құптап отырмыз, қуаныштымыз. Ел-жұртымыз аман болып, Наурыздан Наурызға осылай салт-дәстүрімізді жаңғыртып, жақсылығымызды асырып тойлай беруді Алла бізге нәсіп етсін. Қазақ құсбегісі осы бекзат өнерді дамыту үшін, осыны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу үшін құсбегі болуы керек. Құс ұстау керек.

Бүркітбайдай бүркітші ағаның қолындағы жеті қазынаның біріне баланған қыран өз алдына егеменді ел болып, тәуелсіздімізді жариялағаннан кейін қазақтың аспан түстес көк байрағында бедерленді. Сұлтанмахмұт ақын жырлағандай, оның «күн сөнгенше сөнбей» желбіреуін күллі қазақ тілеп отыр. Ал 1952 жылы қала мәртебесін алған Текелі алдағы жылы өзінің 70 жылдығын атап өтеді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев