«Ұлттық киім ұлықталсын». СҚО-да ерекше челлендж басталды

Солтүстікқазақстандық мемлекеттік қызметкерлер жұмысқа ұлттық киіммен келуге шақырып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде Әз-наурыз мерекесіне орай арнайы челлендж басталды. Тың бастамаға Петропавл қаласының әкімдігі мұрындық болған. 

Ұлттық киім– ұлтымыздың айнасы. Петропавлдық Әсем Айтолла осындай пікірде. Сондықтан игі бастаманы бірден қолдаған. Тіпті қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген бірнеше киімді арнайы тіктіріпті. Қазір ресми, бейресми жиындарда ұлттық киімде төбе көрсетіп жүр. 

Әсем Айтолла, ТКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Үстімдегі бешпет қазіргі заманға сай, классикалық көйлекпен ыңғайластырғанда өте әдемі. Жұмысқа киюге болады. Ал мынау он жылдан астам уақыт тәтемнің қамзолы болған. Мен арнайы сән үйіне барып, өзіме орайластырып, сәнді қылып тігіп алдым. Және де тағы да үш күн бойы киімімді ауыстырып, қазақтың киімдері қандай әдемі екенін көрсеткім келеді.

Мемлекеттік қызметкерлер қазақы болмысты айқындайтын ұлттық нақыштағы киімдерді ұлыстың ұлы мерекесінде ғана емес, күнделікті жұмыс күнінде де киіп жүруге дайын екендіктерін айтады. Тіпті бір апталық акцияға өзге ұлт өкілдері де үн қосты. Бастысы ерікті түрде. 

Асқар Хабибулин, қала әкімінің орынбасары:

– Ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Өздері қызығып, атсалысып жатыр. Қолдау танытқандар көп болған соң, челленджді аудандық әкімдіктерге жолдадық. Қазір жұмыс орнымызда мерекелік көңіл күй сезіледі. 

Бүрмелі көйлек, оюлы қамзол бұрымдыларға керемет жарасуда. Осылайша олар Солтүстік Қазақстан қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңір екенін тағы бір паш етті.  

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Ең бастысы ұлттық киімде тәрбие бар. Қыздарымызға көрік, ер азаматтарға айбат, жігер беретін бұл киімде бүгінде үлкен сұранысқа ие болып бара жатыр. Алайда Петропавлда оны дайындайтын дизайнерлер жоқтың қасы.

Иә, сән әлемінде ұлттық киімдердің үлесі артып-ақ келеді. Бірақ өңірде оларды тігетін мамандар саусақпен санарлық.

Зарина Мавляни, дизайнер:

– Шикізат қымбат. Сондықтан мұндай киім тігетіндер бізде жоқтың қасы. Көбіне той-думандарға алады. Қазір наурыз мерекесіне орай мемлекеттік қызметшілерден, мектеп директорларынан көптеп тапсырыс түсіп жатыр. Енді ер азаматтарға арнап, костюм тігуді жспарлап отырмыз.

Мемлекеттік қызметкерлер бастаған «Ұлттық киім апталығы» челленджін шаһардағы басқа да ұйымдар қолдап жатыр.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев