Алматыда көне музыкалық аспаптардың көрмесі ашылды

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде «Бабадан қалған сырлы әуен» атты музыкалық аспаптар көрмесі ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құнды жәдігерлер қатарында ұлы Абайдың жары – Ділдә Алшынбайқызының домбырасы да бар.

Музейдің қорында көне дәуірлерден бүгінге жеткен 200-ге жуық музыкалық аспап сақталған. Солардың 20-ға жуығы көпшілік назарына ұсынылды. Көрменің ерекшелігі – негізінен мемориалдық музыкалық аспаптарға басымдық берілген. Мәселен, ұлы Абайдың жары Ділдә Алшынбайқызының домбырасын музей қорына ақынның ағасы Ысқақтың немересі тасырыпты.

Маржан Жүнісова, ҚР МОМ бөлім меңгерушісі:

– Домбыраның пішініне назар аударсақ, оның нәзік, әрі ерекше талғаммен жасалғанын аңғаруға болады. Бұл аспапты Абайдың өзі жары Ділдәға сыйға тартқан. Домбыра музей қорында 1978 жылдан бері сақтаулы.

Бұдан бөлек, көрмеден Күләш Байсейітованың, Қаныш Сәтпаевтың, Әміре Қашаубаевтың шерткен домбыраларын көруге болады. Сондай-ақ көрмеге жетіген, шертер, сыбызғы, сазсырнай аспаптарының көне нұсқалары қойылған. Әсіресе, қоңыр үнді алып қобыз мәдени мұралардың тарихы тереңдігін аңғартады. Оны қазіргі ұрпақ та білгені абзал дейді мамандар.

Бибігүл Дәндіқарақызы, ҚР МОМ директорының орынбасары:

– Ұлттық мәдениетімізді, мәдени мұрамызды дәріптеу, сонымен қатар жасөспірімге өзінің дәстүрлі мәдениетке деген құрметке тәрбиелеу, сондай-ақ өзіміздің қазақи дәстүрлі ұлттық аспаптарымызды насихаттау мақсатында ұйымдастырып отырмыз.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Наурыз мерекесіне орай ашылған көрме сәуір айының соңын дейін жұмыс істейді. Көрмені музейдің сайтынан онлайн тамашалауға да болады.

Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев