Ақтауда жас ақындар айтысқа түсті

Ақтауда «Тарихқа тағзым» атты жас ақындар айтысы өтті. Дәстүрлі сайысқа келген көрермендер зал сыйымдылығының 30 процентінен аспайды.

Биылғы ерекшелік өңірдегі бес аудан мен екі қалада әртүрлі салада қызмет етіп жүрген жас мамандармен бірге 9-11 сынып оқушылары да суырып салма ақындық өнерін байқатты. Облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған сайысқа қатысушылардың жасы 14 пен 29 аралығында. Ережеге сәйкес айтыс екі айналымнан тұрды. Сүрінбей өткендер ақтық кезеңде өнер көрсетті. «Mangystau Nauryz Fest-2021» жастар фестивалі аясындағы дода жеңімпаздарына диплом және бағалы сыйлықтар табысталды.  

Фархад Мұсаев, қазылар алқасының мүшесі:

- Тарихтан өткен тұлғаларды, елін, жерін қорғаған батырларды, ел намысын сөзбен қорғаған ақындарды, бұрын өткен би-шешендерді жырлау бағытында ұйымдастырылып жатқан айтыс. Алыс, шалғай аудандардан да бүгін жас ақындар қатысып отыр. Бұл «Mangystau Nauryz Fest-2021» фестивалінің аясында өтіп жатқан ақындар айтысы. 

Нұрсұлтан Оңғарбаев, айтыскер:

- Негізгі мамандығым ұстаздық. Дегенмен, әуесқой ақын ретінде бүгінгі атаулы додаға қатысқалы тұрмын. Бір жағынан өзімнің оқушымды алып келсем, екінші жағынан өзім де қатысып, бағымды сынағалы отырмын. Алдағы уақытта осылай жастарды қолдап, төл өнерімізді дамыту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылғанын қалаймыз.