Биыл Қазақ радиосына 100 жыл. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген бас радионың мерейтойы басталды.
Бүгін Қазақ радиосының тікелей эфирінде жеті елдің қатысуымен «Наурыз-2021» атты халықаралық радиокөпір өтті. Халықаралық тікелей эфир Наурыз мейрамы қарсаңында арнайы ұйымдастырылған. Радиобайланысқа Иран, Түркия, Әзербайжан, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан радиоарналарының басшылары мен тілшілері қатысты.
Халықаралық эфир барысында аталған елдердің өкілдері Қазақ радиосының ұжымы мен тыңдаушыларын 100 жылдық мерейтоймен құттықтап, Наурыз мейрамы төңірегінде пікір алмасты.
Айта кету керек, Наурыз мерекесінің мәнін арттыра түсу мәселесіне тақауда ғана жарияланған мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше басымдық берген. Радиокөпір осы бастаманы іс жүзінде жүзеге асыруға арналды.