«Хабар» арнасындағы «Маска» шоуына елге танымал он төрт адам қатысады

21 наурыздан бастап «Хабар» телеарнасының эфирінен «Маска» музыкалық шоуы көрермендерге жол тартты. Бұл – әлемнің 30-дан астам елінде жарық көрген белгілі жобаның қазақстандық нұсқасы. Бағдарламаға елімізге танымал 14 адам қатысады. Бірақ олардың кім екенін сіз бен біз ғана емес, қазылар алқасы да білмейді. Сондықтан көрермендер бұл жобаның әр санын асыға күтеді. Ұйымдастырушылар осылай деді.

Оңтүстік Корея елінен бастау алған «Маска» музыкалық шоуы әлемнің бірқатар елінде көрсетілген. Енді, міне, қазақстандық телекөрермендер танымал жобаны «Хабар» арнасы арқылы тамашалауға мүмкіндік алып отыр. Бүгін жоба жетекшілері мен қазылар алқасы және «Хабар» арнасының өкілдері бағдарламаның таныстыру рәсімін өткізді. 

Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:

- Осы «Хабар» арнасы осы жобаны қолға алып, серіктестерімен бірге «ДЖ Синемамен» бірлесіп, осы шоуды дайындап жатырмыз. Бізде үміттенеміз осы шоу, әлемді танытқан шоу «Хабар» арнасының көрермендерін таңғалдырады деген ойдамыз. 

Бағдарламаға барлығы 14 адам қатысады. Олардың арасында белгілі әншілер мен актерлер, әзілкештер мен спортшылар бар. Жобаның басында олардың кім екенін ешкім айта алмайды. Тек әр бағдарламаның соңында бір кейіпкер жобадан шығып отырады. Сол кезде ғана бетпердесін шешкен қатысушының кім екенін біле аласыз.

Жанар Айжанова, қазылар алқасының мүшесі:

- Маскалардың барлығы да керемет. Барлығы да керемет дайындалған және қаншама жыл сахнада жүрсек те бізге ұстатпай жатыр, қай жағынан да. Біреу дауыс бояуы, әдемілігі, кейбіреулердің дауысының дірілі болады, әдемі бояуы болады, соны білдіртпейді. 

«Бұл әйгілі жобаның қазақша нұсқасы болған соң қатысушылардың киімін ұлттық нақышта тіктіріп, оларға қазақша атау бердік», - дейді жоба продюсері Гүлнұр  Мамасарипова. «Маска» жобасы 21 наурыздан бастап әр жексенбі сайын кешкі сағат 19:15-те «Хабар» арнасынан көрсетілетін болады.

Авторлар: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов