Иманбек Зейкеновті туған жері қалай қарсы алды?

Өнерімен әлемді мойындатқан атақты музыкант алдымен жастармен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Иманбектің арқасында металлургтер шаһары – Ақсу қаласының да даңқы асқақтап тұр.

Жерлестері өнерпазды барлық сән салтанатымен қарсы алды. Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген өкілдер ҚР Мәдениет және Спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтауын жеткізді. Ақсу қаласының әкімі иығына шапан жапты. Ал облыс әкімінің атынан 2 миллион теңгенің сертификаты мен Құрмет граммотасы табыс етілді.

Айзада Құрманова, облыс әкімінің орынбасары:

– Иманбек бұл саған заманауи техника алуға, жаңа компьютер алып, тың туындыларды жарыққа шығаруыңа көмектеседі деп ойлаймын. Қазақы салтпен сенің жүлдеңнің көрімдігін беріп жатырмыз.

Бүгінде Иманбек Зейкеновтың есімі ел аузында. Ол өнерде шекараның жоқтығына тағы бір мәрте көз жеткізді. Ескі ноутбукте айналасы екі сағатта жазылған ремикстің қас-қағым сәтте әлемді шарлап, Иманбектің өнері көкке самғайтыны күтпеген құбылыс еді.

Иманбек Зейкенов, Grammy сыйлығының иегері:

– Мен өте қуаныштымын. Бірақ мен қазір жаңа техникамен жұмыс істеп жатырмын. Сондықтан осы қаражатты қайырымдылыққа арнасам деймін.

Жиырма жасында әлемді аузына қаратқан Иманбектің бағын ашқан «Roses» бүгінде түпнұсқасын басып озған. Жастарды оның алдағы жоспары қызықтырды.

Иманбек Зейкенов, Grammy сыйлығының иегері:

– Мен әрі қарай өмірімді музыкаға арнаймын. Темір жолдан бір жыл бұрын кеткенмін. Менің ойымша, бұл жеңіс жастарды жігерлендіре түседі. Өйткені ақшамен шешіледі деп ойлайтындар көп. Олай емес.

Grammy-ден кейін Иманбектің танымалдылығы арта түсті. Британдық әнші Рита Орамен бірлесіп трек жазды. Кездесу соңында қазақстандықтарға алғысын айтып, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Иманбек Зейкенов, Grammy сыйлығының иегері:

– Мен қолдау көрсетіп жатқан барша қазақстандықтарға алғыс айтамын. Мен өте қуаныштымын. Жерлестеріммен мақтанамын. Наурыз мерекесі құтты болсын. Бас аман болсын.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат