Оңтүстік Кореяда режиссер Ә.Ержановтың «Сары мысық» фильмінің премьерасы өтті

Оңтүстік Корея тұрғындары қазақ киносын тамашалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Орталық Азия елдерінің «Наурыз» мәдени фестивалі аясында режиссер Әділхан Ержановтың «Сары мысық» фильмінің премьерасы өтті. Корея-Орталық Азия ынтымақтастық форумының хатшылығы ұйымдастырған картиналардың көрсетілімі 19 наурызда басталып 3 сәуірде аяқталады. Кинотеатрға кіру тегін, бірақ коронавирусқа байланысты залдағы орын саны шектеулі болды. Билет жетпегендер онлайн тамашалады. Қазақстандық «Сары мысық» фильмінің әлемдік премьерасы былтыр қыркүйек айында Венеция кинофестивалінде өткен.

Пак Санг Бэ, «Корея – Орталық Азия» ынтымақтастық форумы хатшылығы бас директорының орынбасары:

– Оңтүстіккореялықтар Орталық Азиядағы 5 елдің мәдениетін түсінуі үшін тәжірибе алмасу маңызды. Сондықтан біз 2019 жылдан бері Наурыз мейрамына арналған фестиваль өткізіп келеміз. Наурыз – Орталық Азияда жаңа жыл мерекесі.

Сон Джин Сон, сарапшы:

– Фильм арқылы мен Қазақстанның кеңдігі мен таза ауасын сезіндім, ол бізге коронавирус жағдайында өте қажет. Сіздің елде болған жоқпын, бірақ мені көп нәрсе қызықтырады, сондықтан келдім. Бұл қойылым арқылы Қазақстанды көргендей болдым.