Қыдыр атаны кім іздейді?

Әз-Наурызда Қыдыр келеді деп білеміз. Бұрынғылар әйтеуір солай пайымдаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Даланы Қызыр келсе, құт дариды деп жолын күткен ғой үлкендер. Ал бүгінгі буын ондай танымның барын да білмейтін болар. Өйткені, күн өткен сайын көмескіленіп барады. «Ұлыс» сөзінің өзі дұрыс айтылмай жүр. Бұған не себеп?

Жәнібек Мұсаев – белді актер. Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында қызмет қылады. Өнерліні өрге тартқан ортада өскен. Сондықтан шығар, сахнаның сырын білуге бала күнінен құмартыпты. Осы күні кіл кесек бейнелерді сомдап жүр. Өмірде бар персонажды ойнап бересің, ал аңыз болып ел аузында айтылатын мифологиялық кейпікерлердің образына кіру – жоқтан бар жасаумен пара-пар дейді. Қыдыр атаны сомдайтын кезде сондай күй кешкенін жасырмады.   

Жәнібек Мұсаев, актер:

– Қыдыр атаның отырып-тұрып кеткен жерінде айналаның бәрі көгереді екен деген ұғым бар. Қазақ неге келген қадамыңа гүл бітсін деп айтады?! Келген қонақтың ішінде біреуі болмаса біреуіне қыдыр дарыған болуы мүмкін. Қырықтың бірі қыдыр деген сөз бар. Ендеше мұның артында үлкен философиялық ұғым жатқаннан кейін біз бұны дамытудан, дәріптеуден шаршамауымыз керек. Одан ырыс-несібеміз артпаса, кемімейді.

Актердің шымбайына батқаны да осы. Қызырды дәріптеу қағажу қалып барады деп ашынады. Бұрын қалай еді? Күн мен түн теңелетін шақта даланы Қызыр кезеді деп санаған. Әулие-әмбиеге балаған. Құт қондырады деп жолына қараған. Аңыз болып бертінге дейін тараған. Бірақ қазір Қыдыр ата келеді екен деп егде жастағылар айтпаса, ендігі буыннан ести қоймайсың. Көне таным көмескіленіп барады. Бүйте берсе, бір күні жойылып тынады. 

Серік Ерғали, мәдениеттанушы:

– Наурыздың өзі өз мәнінде толық мерекеленсе, ол да қалпына келуі мүмкін. Біз әзірше экспонат мерекесі, этнографиялық еске алу мерекесі сипатынан ажырай алмай отырмыз. Сондықтан ондай ұғымдардың барлығы әрине кейінге қалады. Кеңес Одағы құрылған кезде қазақ халқының 50-60 пайызына дейін қырылып қалғанын ескеріңіз. Сосын Алашорда бастаған зиялы қауымның қуылғанын, сүргінге ұшырағанын ескеріңіз. Одан кейін Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын қараңыз. Осының барлығы әлгіндей ұғымдарды тұтынып жүрген азаматтардың барлығын алып кетті.

Әлдемкімдер сананы сілкитін идеология болмады деп сөгетін шығар. Бірақ идеолияның өзі басқа идеологияны ығыстыратынын ескеру керек мұндайда. Ол кезде көнені жаңғыртуға мұрша бермеді деп ақталғанын білеміз. Ал қазір етек-жеңді жиған шақта өткеніңді түгелдеуге ешкім кедергі болып отқан жоқ. Тек өзің керек етесің бе, бар мәселе осында...  

Серік Ерғали, мәдениеттанушы:

– «Ұлыстың ұлы күні» деген сөз «ұлыс» емес, «ұлы іс».

Ойды осылай өрбітсек, сөз қуып кеттіңдер деп сынайтындар тағы табылады. Бірақ бұл сайып келгенде түп-тұқиянға үңілу болса керек. Әйтпесе, Қыдыр ата да – бағзыдан жеткен таным. Оның түп-тұқияны тереңде жатыр. Ал өткеніңе үңілемесең, болмыс-бітіміңді бүтіндей алмайсың. Біздің айтпағымыз осы еді. Қыдыр атаны іздейтін буын бар деп сенеміз. Батасын алуға әлі-ақ асық болады...

Дастан Сейілханұлы, Ерлан Наурызбаев