Дәстүр сабақтастығын жалғаған әжелер

Ұлыстың ұлы күні Наурызды шағын шығармашылық ұжымдар да атап өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы облысының Қоңыр-өлең ауылындағы «Ақниет» әжелер ансамблі мерекеде басқосып, салт-дәстүрімізді дәріптеуді жылдағы үрдіске айналдырған. Ақ жаулықты аналар жастарға наурызкөже пісіруді үйретіп, оны дайындау кезінде орындалатын ырымдардың мән-мағынасын түсіндіреді. Бұл іске жіті мән береміз. Өйткені мұнда тұтас ұлттың өмірлік философиясы жатыр дейді олар. Ал «Шежіре» қолөнер үйірмесіндегі ісмер апалар жыл бойы киіз басып, тоқыма тоқиды. Аң терісін өңдеп ішік тігеді. Ою ойып, өрнек салады. Жасалған дүниелерді ұлық мерекеде жинастырып өскелең ұрпаққа арналған көрме ұйымдастырады. Белсенді әжелер ұлттық өнерді ұлықтауға осылайша өз үлестерін қосып жүр.

Гүлжайнар Қабден, ісмер:

– Қолөнерімізді дамытып жатырмыз. Бұған қандай ою өрнек салсаңыз да болады. Кергішке керіп алып тігеміз.

Гүлжан Несіпбек, ісмер:

– Кәзекей дейміз. Өзім құрағам. Әкелеріміз бүркітші болған. Әкем алған түлкіден жасалған. 120 пұшпақтан құралған кәзекей. Мынау қыз балалар киетін бөрік, шиден оралып тоқимыз. Қолдан тоқылған қоржын. Бұрын аналарымыз істеп, біз жалғастырып келе жатырмыз.