Өскемендіктер Наурыз мерекесін қалай қарсы алды?

Өскемен халқы Наурыз мерекесінде қайырымдылық, жақсылық жасап, қарттар үйіне, балалар үйіне наурыз қоржын апарып, базарлық үлестірілуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал дәмхана, асханалар толықтай наурыздық ас мәзіріне көшті. Жастар табиғатқа құрмет көрсетіп, қоршаған ортаның көркеюіне үлес қосуды жөн санапты. Олар бұлақ көзін ашып, оның басын тазартты.

Эльмира Ахметова, тілші:

– Карантиндік шаралар сақталса да, Өскеменде ұлыстың ұлы күні ұмыт қалған жоқ. Барлық санитарлық талапты ескере отыра, шағын шаралар ұйымдастырылып жатыр.Оның үстіне күн де енді ғана жылынып, көктем лебі шынымен сезіле бастады. Әйтпесе өткен аптада сынап бағанасы-15,-20, кейбір аудандарда -28 градусқа дейін жеткен еді.

Сондықтан бүкіл табиғаттың түлеп жанданатын күнін кенді алтайлықтар ерекше ықыласпен қарсы алды. Қала жастары бүгінгі күнді қайырлы да, қайрымды амалдан бастады. Олар Өскемннің іргесіндегі Шешек тауындағы бұлақ көзін ашып, оның маңайын қар мен қоқыстан тазартып жатыр. Өйткені Наурыз тек ән жыр айтылып, дастархан жайылатын ғана мереке емес, ол бүкіл табиғатқа тағзым ететін күн дейді осында келген көнекөздер. Тіпті бұл күні жаңа туған айға да құрмет көрсетіліп, «ай көрдік аман көрдік, айдан аман жылдан есен өттік» деп қоршаған дүниеге ізет білдіріледі. Шешек өткеліндегі бұл бұлақтан қалалықтар қысы-жазы таза су жинап алып кетіп жатады. Демек жұрттың шөлін қандырып, ыстықта пана болған бұл жерді аршып тазалау – құптарлық іс. Бұл іске өнер ұжымдары да араласып, ән-жырмен қолдау көрсетіп, жиналғандардың көңілін көтерді. Ал ақсақалдар ақ батасын арнады.

Мінеки, осындай бір ізгі іспен басталды бүгінгі күн. Ұлыстың ұлы күнін ұлықтауға әр ұжым өзінше бір үлес қосуда.

Мәселен, өңірдегі қылмыстық атқару жүйесі департаменті​ ұлттық дәстүрді насихаттауға ерекше мән берді.Онда келіндер сайысы өтті. Сөйтіп үнемі түзету мекемесінде қызметтік киімде, қатаң тәртіпте жұмыс істейтін әйелдер сахнаға ұлттық нақышта шығып,өнерлерін ортаға салды. Аспаздық әрі қолөнер шеберліктерін көрсетті.

Эльмира Ахметова, тілші:

– Біз жасыл аймақтамыз, карантин де біршама жеңілдеді. Дегенмен жаппай тойлауға әлі де рұқсат берілген жоқ. Сонда да селт еткізер акциялар көп.

Әсіресе, медициналық мекемелер мейрамды ерекше қарсы алды. Соның ішінде перзентхана ұжымдары белсенділік танытты. Мысалы, облыстық Ана мен бала орталығының 60 медбикесі бір демде мың бұрала би билеп, Наурыздың сәнін кіргізді. Олар осылайша қиын кезде қолдау көрсеткен халыққа алғыстарын, ыстық пейілдерін жеткізуге тырысқан екен. Сәні мен салтанаты жарасқан бұл бастама шынымен де көптің көңілінен шықты.

Ал аягөздік перзентхана тіпті дараланды.Онда дүние есігін енді ғана ашқан нәрестелерге ұлттық нақыштағы киімдер кигізілген. Сөйтіп ұлы мерекенің қадір-қасиетін бесіктен бастап дәріптеуді жөн санапты.