Павлодарда Естайға ескерткіш орнатылды

Павлодарда әйгілі «Құсни –Қорлан» әнінің авторы Естай Беркімбаевтың ескерткіші ашылды.

Қолына домбырасын ұстап алысқа көз тіккен жас Естай тұлғасы қаладағы көрнекті жерлердің біріне айналары сөзсіз. Мүсіннің биіктігі 4 метр, тұғыр тасы граниттен қаланған. Ескерткіштің ашылу салтанатына  ақынның ұрпақтары, әншінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуші ғалымдар, әншілер мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Естай ескерткішінің авторы  Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, мүсінші Азат Баярлин. Павлодар жұртшылығы мен ақынның ұрпақтары ескерткіш ашу туралы ұсынысты бірнеше жыл бұрын көтерген. Естай небәрі 20 жасында «Қорлан» әнімен классикалық өнердің биік шыңын бағындырған жан. Ән құдіретіне табынған ақиық ақындар «Қорлан» әніне поэмалар арнаса, белгілі композиторлар операда шарықтатып әлемге танытқан.

Мария Мудряк, опера әншісі:

- Естай әлемдік деңгейдегі  музыкант. Оның әндері әсіресе Құсни-Қорланын  тебіренбей тыңдау мүмкін емес. Бұл жерде әншінің бойын билеген  ғашықтық дерті жатыр. Естай атамыз оны асқан дарындылықпен  жеткізген. Мен Естайды  ұлы композитор Джузеппе Вердимен салыстырамын. Өйткені жүректен шыққан әннің жүрекке жетуі өте  сирек кездесетін құбылыс.

Меруерт Түсіпбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Бүгінгі ескерткіштің қойылуы ол тек мәдени үлкен жоба емес бұл ұрпақтан ұрпаққа деген сабақтастық. Осы Естай атамыздың әнін айтпасақ, ескерткі қоймасақ, оның өнерін зерттемесек ол бізге сын. Өйткені біз келер ұрпаққа осы кісінің мәдени мұрасын осылай бүгінгі күндей жеткізуіміз керек.