433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Петроглифтер мен тасқа қашалған суреттерде Наурыз мерекесінің нышандары бар – ғалымдар

  • 245
  • UPD: 16:50, 22.03.2021

Қола дәуіріне жататын жартастағы петроглифтер мен тасқа қашалған суреттерде Наурыз тойының нышандары бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл Таңбалы тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайының зерттеуші ғалымдарының сөзі.

Сан ғасырлардан бері Таңбалытастағы таңбалар зерттеуші ғалымдарды таңқалдырып келеді. Біздің заманымызға дейінгі 14-13 ғасырлардан, яғни қола дәуірінен бері осы күнге дейін аспан астындағы археологиялық кешенде 5 мыңға жуық сан-алуан бейне жазылған. Арасында Күн басты құдай бейнесі 30 жерде кездеседі. Ең үлкен суреті 4-ші петроглифтер тобында салынған. Бұл композициялық суреттердің сырын ғалымдар мұқият зерделеп, зерттеген. Петроглифтерде күнге табыну, төрт-түліктің төлдеуі, құрбан шалу, ыдыс ұстаған адамдар сынды бейнелер Наурызды қарсы алуда жасалатын бүгінгі салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа жақын дейді ғалымдар.    

Ринат Шәріпов, «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі директорының орынбасары

– Ғалымдардың пайымдауы бойынша бұл жеті күн басты мүмкін сол заманның өзінде біздің қазіргі аптаның жеті күні болуы мүмкін. Және де астында ғұрыптық би билеп жатқан 12 адам. Бұл 12 адамның өзінде де үлкен мән-мағына жатыр. 12 адам 12 ай болуы мүмкін екен. Себебі 7-8 әйел адам өмірге сәби әкеліп жатқандығын көрсетеді. Мұның барлығы – қола дәуірінде бастау алатын жартастағы суреттер.Сол заманда өмір сүрген адамдардың күн мен түннің теңелуін және тірі тіршіліктің оянуының басты назарындағы осы Наурыз мерекесенің шығу тарихына басты дерек бола алады.

Таңбалы зертеушілерінің бұл пікіріне белгілі этнограф ғалым Тәттігүл Қартаева да қосылады. Ғалымның айтуынша, ата-бабаларымыз күн мен түннің теңелуін ерте кезден-ақ білген. Юлиан күнтізбесі бойынша ол наурыздың 9 жұлдызына сәйкес келген. Бұған қатысты өткен ғасырдың басында шыққан баспасөзде жазба деректер де бар.  

Тәттігүл Қартаева, этнограф-ғалым:

– Халықты алашордашылар құттықтап отырды. «Қазақ» газеті өзінің әр жылғы санында 9 наурызда халықты құттықтап отырған. Сонда Наурыз мерекесінің мән-мағынасын халыққа түсіндіріп отырған. Яғни «наурыз» деген сөздің өзі парсы сөзі. Ол жаңа күн, яғни жаңа жылдың бірінші күні деген мағынаны білдірген. Ол әрине кейін ай атына ауысып кетті.

Таңбалы тарихи мәдени қорық мұражайының сапар орталығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің, археология, этнология және музейтану кафедрасының филиалы ашылды. Енді студенттер осы жерде петроглифтерді зерттеп, ұстаздар дәрісін тыңдайды. 

Мадияр Әмірғалиев, «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің директоры:

– Таңбалы қорық музейі бұл Орталық Азиядағы дала галереясы саналады. Бұл жердегі тарихы терең жартас өнерінің бірден-бір көп шоғырланған жері саналады. Соны зерттеуге әлі де көп жұмыс атқаруымыз керек. Сол себептен бүгінгі кафедраны ашып отырған жайымыз бар. Наурыз айы мәдениет айы болғандықтан, бір шетінен туристерді тарту.

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығана орай Таңбалыда ауқымды істер атқарылмақ. Сәуір айында шетелден бірнеше делегация келіп, археологиялық кешен мен қорымдарды зерттеу жұмысына кіріседі. Туристерді тарту үшін қажетті инфрақұрылым жеткілікті. Былтыр ғана бой көтерген сапар орталығында музей, кітапхана, зертхана, асхана мен қонақ үй бар. Екі жыл бұрын Таңбалыға 8 мыңнан астам адам келген. Саяхат маусымы енді ғана басталды. Таңбалыға барған кез келген адам тарихқа үңіліп, табиғатына тамсанып қайтары сөссіз.

Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбай

Хабар 24 телеарнасы