Қостанайда Ы.Алтынсариннің әйгілі шығармасы театрда сахналанды

«Мақта қыз» ертегісі қазіргі заман желісімен. Қостанайлық балғын көрермендер үшін Ыбырай Алтынсариннің әйгілі шығармасы театрда сахналанды.

Мерекелік қойылымда кейіпкерлер мен залдағы кішкентай көрермендер қосылып ән салды, би биледі. Ертегі әлеміне бірге саяхат жасады.

Қойылым «Мақта қыз бен мысық» ертегісінің желісімен сахналанды. Бірақ бұл жолы Мақта қыз – ешқашан смартфонынан айырылмайтын қала қызы. Ауылға қыдырып келгенде гаджетін ата-әжесі тартып алады. Сөйтіп кейіпкеріміз ауыл тіршілігіне көнуге мәжбүр болады.        

Қымбат Әуезханова, І.Омаров атындағы қазақ драма театрының артисі:

– Мақта қыз рөлі өзім үшін ерекше. Сондай көңілді рөл. Енді қазір кішкентай балалардың бәрі интернеттен, теледидардан мультфильм қарап өсіп жатыр. Сондықтан кішкене болса да қызық болсын деп заманауи сценариін режиссер бізге берді. Біз де барынша атсалысып, қызықтырақ етіп жасап шығардық.

Ауыл аралаған Мақта қыз сүттің қайдан пайда болатынын, шөптің қалай жиналатынын, жұмыртқаның қалай келетінін өз көзімен көреді. Жарты сағаттық ертегі қазіргі балалардың таным-түсінігіне сай, қызықты оқиғаларға толы.

Абылай Мауданов, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі:

– Биыл Ы.Алтынсариннің 180 жылдығы. Бабамыздың мұрасын осылай насихаттаған дұрыс шығар деп ойлаймын. Мұны қуыршақтар театрына да икемдеп жазған болатынбыз. Бұл Қазақ радиосынан оқылды.

Театр тарту еткен қойылымға балалар дән риза. Кейбірі ертегіден біраз ой түйгенін айтады.     

Жансая Еркебұлан, оқушы:

– Мақта қыз өз қателігін түсінді. Телефонда көп отырмау керек. Ағаңмен, сіңіліңмен бірге ойнау керек. Ата-аналарға да көңіл бөлу керек.

Сахнаға икемделіп жазылған «Мақта қыз» қостанайлықтардың оң бағасын алды. Карантинге байланысты театрда орын саны шектеулі болғандықтан ертегі күніне екі рет қойылды.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров