ШҚО-да дәстүрлі ұлттық тағамдар байқауы өтті

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында дәстүрлі ұлттық тағамдар байқауы өтті.

Тек бұл жолы карантиндік шектеулерге байланысты сайысқа бұрынғыдай барлық ауылдық округ қатысқан жоқ. Тек аудан орталығындағы мекемелер алдын ала іріктеуден өтіп, Ұлыстың ұлы күні жеңімпаздар марапатталды. Наурызкөженің түр-түрі, ұн және сүт өнімдерінің алуандығы қазылар алқасын тәнті еткен. Мәселен, ірімшік қосылған құрт, ежегей қара құрт, езбе қара құрттың дәмі де түрлі, сақталу мерзімі де басқаша. Жолаушыға, қонаққа, балаларға арналған құрт түрлері және бар. Ал қарын бүрме және өрме төстік тағамдары құнарлығымен ерекшеленеді.

Лаура Думанбекова, Баян Байғожина атындағы бөбекжай тәрбиешісі:

– Етте көптеген дәрумен бар, А1, Б2, Б6, Б12 дәрумендері және темірге бай. Адамның күш қуатын арттырады. Төстіктің етін тұздап, бұрыштап, дәмдеуіштер қосып және майдалап туралған сарымсақ пен көкпиязды қосып, жақсылап орайды. Оны орап, жуып-шайылған бүйенге салып, аузын жақсылап бекітіп, ас ішекті 5 саусаққа салып, жақсылап өріп, сол өрілген ас ішекке дайын бүйенді салып дайындайды. Барлықтарыңызды келіп жеткен Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, аспанымыз ашық, жұлдызымыз жарық болсын!