Қарағандыда «Атадан қалған адал ас» жобасы жүзеге асырылып келеді

Қарағандылықтар ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарды қайта жаңғыртпақ ниетте. Осы мақсаттта өңірдің тарихи-өлкетану музейінің өкілдері «Атадан қалған адал ас» жобасын жүргізіп келеді. Музей қызметкерлері тың деректерден біз ұмыта бастаған 200-ге жуық тағам бар екенін анықтаған. 

– Бүгінгі тағам «жаужүрек» деп аталады. Ол үшін бізге сүт қойдың бауыры мен іш майы керек.

Қазір қой сойса ет асып болмаса қуырдақ қуыру тренд. Ал ата-бабаларымыз жаңа бауыздалған қой еті жылы кезінде одан кемі 15-20 түрлі тағам жасаған екен. Бір қызығы олардың басым көбінің денсаулыққа тигізер орасан зор пайдасы мен қатар таным-түсінігі бар.

Арайлым Сәду, музей қызметкері:

- Негізі қарасаңыздар бауыр мен іш май майлы болып көрінуі мүмкін, бірақ қуырылғанда олай болмайды. Көптеген дәрумен. Бұл тағамды аналар ұлдарына алыс сапарға шыққанда дайындаған. Ерте заманда қазақ аналар ұлдарына жиі жегізген. Себебі бұл ұлдарға батылдық, бартырлық, ержүректік бергенін білдіреді негізі.

Өлкетанушылар қазірдің өзінде ұмытыла бастаған 200-ге жуық тағам барын айтады. Бұның өзі қазақ асханасының қаншалықты бай болғанын көрсетеді. Әсіресе көшпенді халық болғандықтан әр жердің асының дәмі де әртүрлі болған.

Нарша Ерсінқызы, музей қызметкері:

- Біз ұмыт болған тағамдардың рецепттерін авторы белгілі этнограф Әйкерім Мұсағожинованың «Қазақы ас: Дәстүр мен дәм» кітабынан алып отырмыз. Ол кісі арнайы әр өңірге экспедиция жіберіп, халық аузынан жазып, ұмыт болған тағамдарын ұсынған.

Жоба жақында ғана бастау алған. Ұйымдастырушылдар алдымен «әсіп» деген тағамды жасапты. Ол қазіргі шұжыққа ұқсас. Жаужүрек екінші тағам. Жоба әлі бір жыл бойына жалғасады. Осы уақытта ұмыт бола бастаған 50-ге жуық тағамды қайта жасап, бейнетаспаға жазып, келушілер назарына ұсыну жоспары бар.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев