423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Шымкентте Әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық конференция өтті

  • 397
  • UPD: 22:36, 25.03.2021

Ұлы ойшылдың жүздеген еңбектері зерттелгенін айтқан ғалымдар «бұл бағыттағы ізденістерді әлі жандандыра түсу керек», дейді.

Басқосу барысында «Фарабитану» кітапханасының ашылатыны да хабарланды.

Шымкенттегі ең ірі кітапхананың атауы өзгерді. Енді ол ұлы ғалым Әл-Фарабидің есімімен аталады. Болашақта мұнда әлемнің екінші ұстазының еңбектерін зерттейтін орталық ашылмақ.

Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің орынбасары:

- Шымкент пен Түркістанның арасында Отырарда Әл-Фараби бабамыз туып-өсіп, білім іздеп шығысқа барып, сол жақтан ғылымның шыңына шыққан адам. Сондықтан туған жерінде осындай үлкен орталықтың, үлкен кітапхананың болуы заңдылық.

Халықаралық конференцияға философия ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлі, академик Саттар Мәжитов және белгілі ғалым, профессор Ғарифолла Есім қатысты. Сонымен қатар шетелдік ғалымдар да келелі басқосуға онлайн қосылды.

Ғарифолла Есім, филология ғылымдарының докторы, профессор:

- Мен Әбу Насыр Әл-Фарабидің айтқан ойларын хәкім Абайдан тауып отырмын. Сонда таңқаламын. Әбу Насыр Әл-Фарабимен Абайдың арасы 9 ғасыр. 9 ғасыр бойы Әл-Фарабидің айтқан сөзін шашып-төкпей бізге жеткізген халқымыз біздің.

Фарабитанушы ғалымдар ғылыми материалдар бойынша бірыңғай мәліметтер базасын жасауды ұсынды. Осылайша, Әл-Фараби туралы алуан түрлі ақпаратты бір жүйеге түсіру қажет. «Бұл ұлы ойшылдың еңбектерін өскелең ұрпаққа мұра етудегі игі бастама болмақ», - дейді руханият жанашырлары.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков,Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы