Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына академиялық мәртебесі берілді

Бүгін халықаралық театр күні. Өмірді сахнада суреттеген киелі өнердің мерекесі актёр, режиссёрдің ғана емес, көзі қарақты күллі көрерменнің мейрамы. Қазақ жерінде алғаш кәсіби театр 1926 жылы Қызылордада «Еңлік-Кебек» пьесасымен ашылды. Кейін мәдени ошақ Алматыға көшкенімен рухани қара шаңырақ Сыр топырағында қалып, қайта түлеп, жаңғырып, өнерсүйер қауымды қуантып келеді.

Хұсейн Әмір-Темір, театрдың көркемдік жетекшісі:

- Қазақ театрының корифейлері Қуанышбаев, Қожамқұлов, Құрбанбеков, Жұмат Шанин, Әміре Қашаубаев, Қапан Бадыров, Елібай Өмірзақов сияқты актерлар бастаған сол кезде. Әшірбек Сығай айтушы еді кезінде «бұл Қызылорда деген Қазақстанның театр Меккесі, оған басқаша көзқараспен қарау керек» деп. Сол биік потенциалды ұстап тұруға, одан әрі дамытуға бар күш-жігер, шабытымызбен жұмыс жасап жатырмыз. 

Сыр сахнагерлерінің мәдени ошағы 1955 жылы ашылып, 12 жылдан кейін Нартай Бекежановтың есімі берілді. Музыка-драмалық театр ұжымы алғашқы маусымды Ғабит Мүсіреповтың «Ақан Сері-Ақтоқты» трагедиясымен бастады. Республиканың еңбек сіңірген әртісі Жақып Әбілтаев бас режиссерлік міндетті қолға алып, бірнеше буын артистер шоғырын қалыптастырды. Содан бері өнер ұжымының бағындырған белестері ұшан-теңіз. Отандық байқаулар, бүкілодақтық фестивальдарда ұдайы үздіктер қатарынан көріне білді. Тәуелсіздік алғалы да орта азиялық және шетелдік бірнеше өнер бәйгесінде топ жарды. Сыр сахнагерлері қазақ театрлары арасында Шекспир елінде ана тілімізде алғаш спектакль қойып, ағылшын көрермендерін тәнті етіп келді.    

Хұсейн Әмір-Темір, театрдың көркемдік жетекшісі:

- Жүргізбе жол арқылы аударма болып отырды. Енді 10 минуттай олар қарап отырды жүргізбе жолға. Түсінгеннен кейін артистердің ойыны әсер етті ма, ішкі жігері, ішкі тебіренісі қатты әсер етті ма? Тек ғана сахнаға қарап, сахнадан түсініп, қазақтар қалай қабылдаса ағылшындар да тура солай қабылдап отырды. 

Лондоннан кейін Эдинбургтегі фестивальде өнер көрсеткен қызылордалық үш артистің есімі Шотландияның құрметті реестріне жазылды.

Еуропалықтарды шеберлігімен баураған артистердің ішінде Зәлипа Төлепованың шоқтығы биік. Өзіне тапсырылған әр кейіпкерді жан-тәнімен сомдайтын актриса театр армандардың орындалатын мекені деп санайды. 

Зәлипа Төлепова, ҚР мәдениет қайраткері:

- 1968 жылы біздің Сұлутөбе ауылына Қозы Көрпеш-Баян сұлу спектаклімен театр келді. Сонда Баянның тілерсегіне түскен ұзын шашын көріп, келбетіне, сұлулығына тамсанып, мен Баян боламын, артист боламын деп армандағанмын. Сол армандаған Баянымды 1990 жылы ойнадым. Театр маған жалғыз қалғанда жабықпауды үйретті, қиындықта төзімділікке, шыдамдылыққа үйретті. Неғұрлым қарапайым болсаң, соғұрлым сүйкімді болатынымды білдім.

Пандемия енгізген шектеулер қатаңдаған кезде де шығармашылық ұжым көрермендерінен қол үзген жоқ. Онлайн-көрсетілім арқылы өнерсүйер қауымды рухани сусындатуды жалғастыра берді. 

Карантиндік жаңа маусымды сахнагерлер Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» опеарасымен ашты. Қазір театр есігі көрермендерге ашық, бірақ залды лық толтыруға және және санитарлық талаптарды қатаң сақтауға тура келеді. Бекзада өнердегі жетістіктері ескеріліп, Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына жуырда академиялық мәртебесі берілді.

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев