ШҚО-да ата-баба дәстүрін жаңғыртқан білім ордасы бар

Шығыс Қазақстан облысында ұмыт болған дәстүрлерді қолөнермен сабақтастырып отырған білім ордасы бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Абай ауданындағы өнер мектебінде 150-ден астам оқушы заманауи дизайн, мүсін, кескіндеме, сурет салудан өзге атадан қалған көне кәсіптерді де меңгеріп жүр. Әсіресе, таспа өріп қамшы, тері илеп торсық жасауға деген балалардың қызығушылығы жоғары. Әр өнердің өз тарихымен қоса, ата-бабаларымыздың осы бұйымдарды ұстау әдептері де бойға сіңіріледі.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- 6-сынып шәкірті Еркебұлан Қанатұлы өнер мектебіндегі үйірмелерге біраздан бері қатысып жүр. Мұндағы ұстаздардың қолөнерді асқан ыждаһатпен түсіндіруі арқасында қызығушылығы одан сайын арта түскен.

Еркебұлан Қанатұлы, өнер мектебінің оқушысы:

-Мен қазір 3 таспадан өріп жүрмін. Болашақта 8,6 таспа жүген сондайлар өргім келеді. Торсық, атқа қамшы керек, оны да жасау керек. Ұнайды маған.

Қазақтың қолөнері балаларды шыдамдылыққа, еңбекқорлыққа баулиды. Мәселен, бір торсықты жасаудың өзіне 10 күн кетеді екен. Дегенмен, ірі қара терісінен дайын бұйым болып шығу үшін маңдай терін аямай төгу керек.

Сымбат Құдайберген, өнер мектебінің ұстазы:

-Теріні өңдеу үшін бір жеті кетеді. Бір жетіден кейін мына торсыққа 2-3 күндік жұмыс қой бұл. Сонда қысқаша айтқанда, бір 10 күнде шикі теріні дайындап, шикізаттан 2-3 күнде жасап алуға болады. Пайдалануға сұраныс жоқ, бұл тек көрмеге қою үшін жасаймыз. Мұны сувенир ретінде сұраныс соған алады. Бұл енді заманауи деп айтуға болады, бұл жаңағы піскен теріден, қайыстан қапталған да, ішінде арнайы ыдыс бар, бөтелке. Соның сыртын қаптаған, бұған жаңағы құюға болады, ішіне сусын құюға болады, басқа да заттар құйып, пайдаланып ұстауға болады.

Шәкірттер үшін қызықты дүниенің бірі – әр бұйымды ұстау әдептері. Бұл жайында Айбын Жұматайұлы таңға дейін әңгіме айтуға бар.

Айбын Жұматайұлы, өнер мектебінің ұстазы:

- Төрге ұзынынан ілінсе, мысалы. Үйде көрініп тұрады ғой, қазақ үйде. Ала жібін аттама деген салт-дәстүріміз бар, мысалы үшін. Есік ашық, құлып деген болмаған. Сонда қамшыдан көріп, кірмеген ер азаматы жоқ үй деп. Қамшыны мына дауға барған кезде де былай ұстап, датым бар деп айтқан. Қамшыны тастаған былай алдына. Қазір біз бір жақтан бірдеңе сұрасақ, саусақ шошайтады, ана жақта, мына жақта деп. Ал бұрын аттың үстінде мал іздеген адамдар қамшыны былай салақтатып жүрген. Одан кейін сұрағанда саусақтың ұшы емес, қамшыны сілтеп көрсеткен.

Әділ Исахановтың үйірмесіндегі балалар қазір өнердің жаңа түрін, майлықтан картина жасауды меңгеріп жатыр. «Бұл да төзімділік пен ұзақ ізденуді талап етеді», - дейді ұстаздар.

Әділ Исаханов, өнер мектебінің ұстазы:

- Шыдамдылық керек, былайша айтқанда. Мысалы суретті салсақ, қылқаламмен саламыз ғой, майлы бояулармен. Бұл кәдімгідей қағаз. Оған әр түр-түсін табу, оның келбетін келтіру оңайға түспейді. Мысалы, мына суретке мен бір аптадан артық уақытымды жібердім, күні-түні отырғанның өзінде. Бірақ түсіндірем, міне, осылай-осылай деп, техникаларын көрсетем. Содан балалар «түу, жақсы екен» деп кәдімгідей қызығушылық пайда болады.

Бұл мектеп шәкірттерінің туындылары 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен халықаралық EXPO көрмесінде де талайды таңқалдырған. Қазір карантиндік шектеулерге байланысты көрмелер онлайн тәртіппен өтіп жатыр. Ал ұстаздар болашақта аймақтық, республикалық шеберлік сабақтарын өткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы