Түркістанда бірнеше құнды кітаптың тұсауы кесілді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай елімізде алғашқы болып «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы жарық көрді.

Сонымен қатар «Жүз аңыз», «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» және «Түркістанда жерленген қазақ билері» атты жаңа кітаптардың таныстырылымы өтті. Бұған дейін елімізде Абылай хан, Абай, Шәкәрім, Шоқан, Жамбыл энциклопедиясы мен Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің көп томдық кітаптары жарық көрген болатын. Алайда Әзірет Сұлтан - Қожа Ахмет Ясауиге арналған энци-клопедия шығарылмаған еді. Енді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қызметкерлері дайындаған «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы сол олқылықтың орнын толтырып, ғылым әлеміне қосылған тың туынды болмақ. Кесене ішіндегі араб, парсы тілдерінде жазылған жазулар мен оның мән-мағынасы, Әмір Темір құйдырған тайқазан, Түркістанда жерленген қазақтың хан-сұлтандары мен батыр-билері туралы мәліметтер толық қамтылған.

Зікірия Жандарбек, яссауитанушы ғалым:

– Осы кісінің шәкірттері, ұрпақтары соған қатысты барлық тарихи деректің бәрі осы кітаптың ішінде. Бұл кітапты алған адам Яссауи туралы, Яссауи кесенесі, Түркістан туралы көп нәрсені біліп шығады. Сондықтан да бұл кітаптың Түркістан үшін маңызы зор. Сондықтан мұндай кітаптарды көбейте беруіміз керек. Бұл қайтадан рухани жаңғыруымызға, рухымыздың тірілуіне, өзіміздің кім екенімізді сезінуге мүмкіндік береді.