Шот-Аман Уәлиханов туралы не білеміз

Қазақстан Республикасы елтаңбасының авторы Шот-Аман Уәлиханов тектіден тараған, ұлтжанды, атпал азамат еді. Елі үшін сіңірген еңбегі аз емес. Ол өз қызметін адал атқарып, ұлағатты ұстаз атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шот-Аман Уәлиханов 1932 жылы Солтүстік Қазақстан өңірінде дүниеге келді. Мәскеу сәулет институтын бітіріп, қызметін «Қазақстан қала құрылысын жобалау» мекемесінде бастаған. Кейін Алматы қаласы бас сәулетшісінің орынбасары қызметін атқарды. Көп жылдар бойы Қазақстанның сәулетшілер одағын басқарды. Ел үшін талай қызмет атқарған жанның басты еңбегі – 1992 жылы Жандарбеков Мәлібековпен бірге Қазақстанның елтаңбасын әзірледі.

Шот-Аман Уәлиханов, ҚР елтаңбасының авторы:

– Ойымдағы дүниенің бәрін қағаздың бетіне түсірдім. Екі қанат жасадым. Екеуін төменгі жағынан қосып, сол жерге Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлиханов деп жазып қойдым. Жоғарғы жағына жұлдыз салдым, айды салдым. Сондай бір белгі болды.

Шот-Аман Уәлиханов бірнеше жоғары оқу орнында сабақ беріп, жүздеген шәкірт дайындаған ұстаз еді. Әріптестері Шота Уәлихановтың өз жұмысын әрдайым адал атқарғанын айтады. Ол қызметінде талапшыл әрі әділ болды. Оның қиялының жүйріктігі, сәулет өнеріндегі қолтаңбасы – қазақ елінің елтаңбасы арқылы айқын көрінді.

Шот-Аман Уәлиханов, ҚР елтаңбасының авторы:

– Елтаңбаға бәйге жарияланды. Екі-үш ойда болдым. Қатысайын ба, қатыспайын ба деп. Қатысайын десем, менің елтаңба суретім бірқатар газетке беріліп кетті. Көзді жұмдым да, бердім. Ақыры қазақтың елтаңбасы болып, Президент өзі бекітті. Президент бұл елтаңбада біздің елдің портреті жақсы көрсетілген деді.

Шота Ыдырысұлы – көптеген ғимарат пен монументтің авторы. Бұл туындылардың қатарында Алматыдағы «Универсам» дүкені, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ғимараты, «Казгипрозем» үйі бар. Ол сондай-ақ Шоқан Уәлиханов, Тоқаш Бокин, Абай Құнанбаев, Ғани Мұратбаев, Әліби Жангелдин, Ахмет Байтұрсынов, Кенесары ханның бейнесін сомдады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасын жасаған тұлға ел жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

Дариға Ташенова, Самат Әубәкір