Шетелдегі қандастар Qazaq TV арнасы арқылы ана тілін үйренбек

Бұл туралы Түркияға жұмыс сапарымен барған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның Ыстамбұлдағы диаспора өкілдерімен кездесуі барысында айтылды.

Алып шаһардағы бірқатар қазақ қауымдастығы өкілдерімен бас қосқан министр жергілікті отандастарымыздың мәселелері мен ұсыныстарын тыңдап, пікір алмасты.

Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Түркияға жасаған жұмыс сапарының алғашқы аялдамасы Ыстамбұл болды. Алып шаһарда жергілікті қазақ диаспорасы өкілдерімен бас қосқан министр, отандастарға арналған мүмкіндіктер жайлы ақпарат беріп, қандастарымыздың жағдайымен таныс болды. Мектеп жасындағы балалар мен түлектерді елімізде білім алып, жерімізбен танысуға шақырды.

Аида Балаева, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Шетелдегі этникалық қазақ жастары үшін елімізде жоғарғы оқу орындарына оқуға түсуге жыл сайын 4% квота бөлінеді. Бұл шамамен екі мыңға жуық грант. Ол квотаны да егер сұраныс болып жатса, білім министрлігімен келісіп, көбейтуге мүмкіндік бар.

Түркияда қазақ тілінде оқытатын мектеп жоқ. Сондықтан жас ұрпақ ана тілін жетік біле бермейді. Кездесуге қатысқан қандастар осы мәселеге ерекше ден қоюды сұрады.

Абдувахап Қара, профессор, доктор:

- Түркия қазақтарының ең үлкен проблемасы - тіл. Әсіресе жастарымыз тіл білмей өсіп келе жатыр. Осы жөнінде Қазақстан бұған дейін бірқатар шара өткізді. Бірақ айтарлықтай нәтиже болмады. Қорыта келе, тілге қажеттілік болу керек дедік. Қажеттілік болмаса, бала екі-үш ай курсқа барып ұмытып кетеді екен. Сондықтан біз министрге балаға тілді үйретумен шектелмейік. Оның талпынысын қолдап, Қазақстандағы іс-шараларға қатыстырайық. Мәселен, Қазақстанның Тәуелсіздігі, Наурыз тойлары.

Тіл мәселесінің өзекті екенін жеткізген министр Балаева түйткілдің түйінін тарқататын жобамен таныстырды. Бұдан былай, алыстағы қаракөз қандастарымыз Qazaq TV арнасында көрсетілетін арнайы бағдарлама арқылы ана тілін үйренуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар Түркиядағы Қазақ-түрік білім беру және зерттеу қоғамы шығаратын «Қазақ Елі» журналына қолдау көрсететінін айтты.

Ертолқын Гайретулла, «Қазақ-түрік білімі және зерттеулері» қазақ қоғамы басшысы:

- Қазақ-түрік білім беру және зерттеу қоғамының жұмысымен таныстырып, жобаларымызға министрліктен қолдау сұрадық. Соның ішінде, екі тілде жарық көретін «Қазақ елі» журналына қажетті техникалық көмектің алдағы уақытта берілетіні жөнінде шешім бізді қатты қуантты. Қазақ тілі мен түлектерге арналған гранттардың артуы да - қоғамымызға мүше түлектер үшін таптырмас мүмкіндік.

Бұдан бөлек, биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл. Осыған байланысты, Дүние жүзі қазақтарының кіші құрылтайын Ыстамбұлда ұйымдастыру жоспарланған. Жиынға қатысушылар құрылтайға түгел жиылып, табысты өткізуге уағдаласты.

Меруерт Қанағат