Майра Мұхамедқызы: Карантин аяқталған соң «Домалақ ананы» барлық жерде шырқаймыз

Опера әншісі Майра Мұхамедқызы халықаралық Bravo сыйлығына ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Марапаттау рәсімі Мәскеудің Үлкен театрында өтті. Биыл қаңтар айында Шымкенттегі опера және балет театрына басшы болып тағайындалған өнер иесін тілшіміз де құттықтап қайтты.

Дана Нұржан, тілші:

- Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызына Bravo халықаралық сыйлығының алтын мүсіні әйгілі Үлкен театрдың сахнасында табысталды. Ол есімі әлемге танымал ресейлік және шетелдік орындаушыларға  беріледі. Былтыр пандемияға байланысты салтанатты шара кейінге қалған. Сондықтан сыйлық екі жылда айтарлықтай жетістікке жеткен өнер иелеріне берілді.

Юрий Андрейчук, Bravo сыйлығының атқарушы продюссері:

- Қазақстан әлемге керемет талантты әртістерді сыйлады. Сондықтан мұнда Шымкент опера және балет театрының тұңғыш әйел басшысы – Майра Мұхамедқызын көргенімізге қуаныштымыз. Ол театр тізгінін өз қолына коронавирус тараған жылы алды. Яғни, бізде Опера және балет театрының директоры өз өнерін көрсетеді.

Bravo сыйлығын табыстау рәсіміне әр жылдары Хосе Каррерас, Анна Нетребко, Денис Мацуев, Владимир Спиваков сияқты беделді өнер иелері қатысты. Бұдан бөлек, Жапония, Қытай, Корея және ТМД елдерінің классикалық орындаушылары да халықаралық шараның тұрақты меймандарына айналды. Қазір қазақстандық опера әншісі Майра Мұхамедқызы композитор Тасқын Жармұқаметтің «Домалақ ана» операсының басы-қасында жүр. Ол туындыда басты рөлді сомдайды. Бұдан бөлек, операның қойылуына да опера әншісі тікелей себепкер болды.

Майра Мұхамедқызы, опера әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

- Карантиннің біткенін күтіп отырмыз. Германия, Лондон, Парижге шақырып жатыр. Карантин аяқталып, театрымыз ашылған соң «Домалақ ананы» барлық жерде шырқаймыз. Мен мұны тағатсыздана күтіп жүрмін.

«Домалақ-ана» – елімізде тәуелсіздік жылдарында жазылған екінші опера. Уақыт өте келе ол Шымкент театрының басты брендіне айналуы тиіс. Опера әншісінің айтуынша, жыл соңында қойылымды Париж көрермендерінің назарына ұсыну жоспарланып отыр.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров