Қызғалдақтың маскасындағы Дана Есеева жобадағы қызықтармен бөлісті

«Хабар» телеарнасында жүріп жатқан «Маска» шоуы – көпшіліктің арасында қызу талқыланып жатқан жобалардың бірі.

Бұл – әлемнің 30-дан астам елінде жарық көрген белгілі жобаның қазақстандық нұсқасы. 21 наурызда басталған шоуға 14 адам іріктелген болатын. Өткен жоба дауыс ырғағына, қимыл-қозғалысы мен берілген аздаған көмектің арқасында төрешілер қызғалдақтың кім екендігін анықтады.

Ол елімізге танымал вайнерлердің бірі Дана Есеева болып шықты.

«Таңғы хабар» бағдарламасына қонақ болып келген Дана жобадағы қызықтарымен бөлісті. Ал төрешілер арасында отырған Мейіржан Төребаев, яғни Дананың жолдасы жұбайының бұл жобаға қатысып жатқандығын білмеген, тіпті сахнада да танымаған.

–  Мені Мейіржан емес, құрбым Ерке (Есмахан – редактор) мен Марат Оралғазин танып қойды. Төрешілер менің әнші емес екенімді бірден айтты. Сосын «тамақ дайындайды, шетелде бір күн қалып қойды» деген сияқты ойлар айтылды. Ал мұның бәрін Ерке жақсы біледі. Сондықтан оған аса қиын болмады-ау.

Есееваның сөзіне қарағанда, бұл жобада бетперденің өзі емес, артындағы гүлдің салмағын ұстап тұру қиын болған.

– Бұл костюм бір жарым ай бойы тігілді. Бетің де түгел жабық болады, ештеңе көрінбейді, тек режиссер оңға не солға, тура қарау керектігін айтып тұрады. Гүлдің салмағын ұстап тұру ең қиыны болды. Себебі ауыр екен. Ауып кетпес үшін артық қозғала алмадым. Билегім келеді, бірақ құлап кетем бе деп қорықтым. ішімнен төрешілер қимыл-қозғалысы жоқ қандай қатысушы деп ойлап жатқан болар деп қоямын.