Отандық дубляж актерлері танымал бола бастады

Ел жастары арасында дубляж актерлерінің жұмысы танымал бола бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар Голливуд фильмдерін орысша, қазақша дыбыстап, әлеуметтік желіде жариялап жүр. Олардың еңбегі мыңдаған адамның ықыласына бөленіп, тіпті кейбір замандастары осы кәсіпке қызыға бастаған.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Бұл – Алматыдағы әуесқой дубляж актерлерінің студиясы. Таланатты жастардың топтасқанына бір жыл болған. 5 адамнан құралған топ әу баста танымал фильмдердің үзінділерін дыбыстауды бастапты. Сәтті шыққан роликтерді әлеуметтік желіде жариялап отырған. Дауысы жағымды жігіттерге жарнама компаниялары хабарласып, әуесқойлық қызығушылықтары кәсіби жұмысқа айналған.

ҚАзыбек Ақбаев, дубляж актері:

- Біздің шығармашылық бірлестігімізде бес адам жұмыс істейді. Барлығы күмбірлеген дауысымен табыс тауып отыр. Біздің мақсат көрерменге кадрдан тыс мәтінді ұғымды әрі жағымды жеткізу. Оған қоса, қазақша дыбыстау саласына үлес қосып жүрміз.

Мысалы Артур Пилипецтің дауысы таныс болғанымен, түрін көп адам біле бермейді. Сондықтан дубляж актерлері өздері дыбыстаған қызықты роликтерін әлеуметтік желіде жиі жариялап отырады. Оған қоса, жағымды сөйлеу, дұрыс дем алу туралы да тәжірибелерімен бөліседі. Дарынды жігіттердің қазір мыңдаған оқырмандары бар. Әлеуметтік желіде белсенді болсақ дубляж саласына келетін жастардың саны артады деп сенеді.

Артур Пилипец, дубляж актері:

- Қалай актер болуға болады? Мысалы, дубляж актерін кино актерімен бірдей қарастыруға болады. Өйткені актердің фильмдегі барлық көңіл-күйін дыбыстағанда түгел қайталай алу керек. Яғни, фильмдегі көңіл-күйді жеткізу үшін дыбыстау құбылып отырады. 

Көркем дауыс иелерінің айтуынша, елімізде талантты жастар көп. Оған қоса, дубляж саласы елімізде дамып келеді. Жас таланттардың ендігі мақсаты – отандық және шет елдік фильмдерді дыбыстап, ірі кинокомпаниялармен әріптестік орнату.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов